Желтоқсан көтерілісінің ащы дәмі-Тәуелсіздігіміздің тәтті жемісін берді. Сан жылдар бойы қазақ халқының ойынан кетпей жүрген асыл арманы ақиқатқа айналды. Бір отбасының өмір сүру дағдысын мысалға алсақ береке, бірлігі, ынтымағы мен ауызбіршілігі бар отбасы іргелі әулетке, өсіп-өнген шаңыраққа ұласады.Күнде жанжал, болмашыдан дау, тудырған үйден береке қашып, қабырғалы шаңырақ, қаралы молаға айналмай ма? Мемлекетімізде өзінің ырыс шақырған ынтымақшыл ел екендігін, жұмылса жұдырық бола білер ел екендігін айдай әлемге танытты.Ынтымақтың иығы биік.Алматыдағы Желтоқсан көшесі (бұрынғы ул: Мира) бойынан желтоқсан көтерілісіне арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Желтоқсан көтерілісі ерліктің ғана емес, елдіктің де нышаны» деген болатын. Бұл Елбасы тарапынан берілген үлкен баға десек болады.
Парламент депутаттары да желтоқсан көтерілісіне қатысты айтарлықтай күрделі мәселелер көтерді. Алайда бүгінгі күнге дейін белгілі шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі «Желтоқсан көтерілісі туралы құжат қабылдау» аса маңызды шараның бірі. Ол да уақыт кеңістігінде өз шешімін табары анық.Елбасымыз айтқандай «Ерлікке ұран, елдікке нышан болған» бұл көтеріліс қазақ халқының сол уақыттағы жастарының бойында ұлтжандылық намыстың дәні қашанда бар екенін, кез-келген сын сағаттарда елім деп еңсе көтере алатынын айқын білдірген еді.
Сол жылдары қазақ жастарының тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтеруі жарқын болашақтың алтын қақпасын тек қазақ халқына ғана емес, қазақ халқымен тағдырлас 15 республикаға айқара ашып берді, Арада бес жылға жетер жетпес уақыт ішінде КСРО-дан көптеген мемлекеттер бөлініп, бодандықтың болат шынжырын үзе бастады.
Бүгінгі күнде біздің елдің тұрғын халқы екі идеологиямен ескіше де, жаңаша да жүйемен тыныс алып келе жатыр. Желтоқсан көтерілісіне арада 35 жыл, Егемендікке отыз жыл өтсе де әлі көпшілігінің бойында үрей бар. Ең бастысы, дәл сол ызғарлы желтоқсанда қазақ жастары ұлттық намысты патриоттық сезімен қорғап қала білді.Бізге ендігі сәтте өзге мемлекеттерден оқ бойы озып, алдыңғы қатарлы елдер қатарынан көріну үшін ең бастысы ауызбіршілігіміз бен береке-бірлігіміздің беріктігі маңызды.
Қазіргі Тәуелсіз мемлекетіміздің есігін ашып ішіне үңілейікші «бізге алдымен не керек?» «Не кемшілігіміз бар, неден аулақ болуымыз керек?» деген сауалдарға зер салайықшы. Алдымен бізге қажеттісі ел ішіндегі тұрақтылық. Ол дегеніміз өзіміздің бабаларымыздан келе жатқан асыл дініміздің айналасынан табылу, өзге діннің жетегінде кетпеу. Сол өзге дін арқылы өзге мемлекеттерге «жиһад» пен «жұмақ» іздеп кеткен қандастарымыз, өскелең ұрпаққа не тәрбие береді. Ұл-қызына ше? «Әкең мен атаң соғыс іздеп кетті» деп қалай айтарсың. Экстремизм мен терроризмнің оты ұшқындап тұрған мына заманда халқымыз бейбітшілік пен тыныштықтың қадіріне жете білуі керек. Ол үшін ұлттық тәрбие, отбасында немересі ата мен әженің қасынан табылуы керек-ақ. Олардың өнегелі тәлім-тәрбиесін, шежірлі әңгімесін, жүріс-тұрысынан үлгі алуы керек. Тұрақтылықтың рухы әр балаға өз қарашаңырағынан дариды. Жемқорлық, пен парақорлық дерттерінен әрбіріміз аулақ бола білгеніміз жөн. «Оңай олжа орға жығар» деген сөзді сенімен біздің бабаларымыз айтқан. Сондықтан да бес күн жалғанда адам деген атқа, азамат деген затқа дақ түсірмей өту асыл істің бірі емес пе?! Мақтаншақтық, дарақылық, өсек, өтірік, күндестік, көре алмаушылық деген қасиетсіз қылықтар адам деген атқа жабысумен келеді. Бұл қылықтардан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол бұл пәни жалғанда ақша, дүние, байлықтың ешкімге опа бермесін түсіне білуі арқылы түсінік- пайымын кеңейте алса ғана әдепсіз қылықтардан адалана аламыз.
Бізге керегі ұлан ғайыр даламызды, айдай ажарлы қалаларымызды ертең өзіміз аманаттап қалдырып кетер ұрпағымызға дұрыс бағыт-бағдар беру.
Біз бұл мәселеде жыл бойы тұрақты жұмыстар мен іс-шаралар жүргізуге ат салысып келеміз. Мектеп кітапханаларымен, оқу орындарымен (2 кәсіби мектепте), мектеп оқушыларымен бірнеше жоспар жасап, жастарға отаншылдық, патриоттық тәрбие беруде қолдан келер істер атқарудамыз.
Ұлттық салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрпымызда қалып бара жатқан ескі үрдістерімізді жаңалау, қалпына келтіру, ел ішіндегі көне кітаптар, ел аузында қалған ескі сөздер, мақал-мәтелдер, шежірелер, күйшілік, әншілік дәстүр, жер-су, өзен-көл, тау-тас атауларын іздестіру мәселелері патриоттық рухтың құнды бөлшегі, отаншылдық сезімнің басты бөлігі дер едік. Бізге Мәңгілік Ел болу мұраты қол бұлғап тұр. Рухы биік ұлт, далалық ұлан болуымыз үшін ұлтжандылық қасиетті қайтсек те жас ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Сонда Мәңгілік Ел ұшпаққа шығып ұлы мемлекеттер қатарынан көріне алады. Сөз соңында оқырман қауымға айтарымыз «Тәуелсіздігіміздің 30 жыл» мен «Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл» айдарларымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бекіткен жоспарына сәйкес аудан көлеміндегі желтоқсан ардагерлер туралы материалдар газет беттерінде жыл соңына дейін жарияланатын болады.
Пікірін бүкпесіз айтатын азамат еді
Бақытбек бауырымыз да өмірден өтті. Тағдырдың жазуы, жазмыш деген осы болар. Арамызда жайраңдап жүретін аптал азамат ақиқи өміріне асығып кете барды. Қайсы бір жылдардың естелігі көз алдымыздан бұлдырай өтті. Ұмытпасам 2016 жылы болуы керек, қаһарлы қыс айы. Қыстың ызғырықты суығы мен аласапыран бораны саябырсып басылды-ау деген күндері Жартытөбе ауылына жол тарттық. Шолаққорғанда басылды деген боранымыз Жартытөбеде жарты қадам жолды көрсетпей қатты суырсын болып тұр. Ұйытқи соққан боранға қарсы жүру мүмкін емес еді.
Қасымда «Созақ ТВ» телеарнасының қызметкері Момбекова Ажар қарындасым мен оператор Нұржанов Асқар інім бар болатын. Үшеуіміз түсірілім жұмысын шеткі ауылдан бастағанды жөн санадық. Мақсатымыз желтоқсан ардагерлері туралы бағдарлама әзірлеу болатын. Қос бірдей желтоқсан ардагерлері тұратын Ермекқараевтар отбасына түстік. Біз іздеген Бақытбек пен Раушан үйде екен.
Ол уақытта марқұм Бақытбек ауыл ішіндегі су жүйесінде жұмыс жасаса, жұбайы Раушан мектепте мұғалім, ұстаздық салада табан аудармай қызмет атқаратын. Келгендегі мақсатымызды кейіпкерлерімізге түсінтіріп айтқан соң, Ажар отбасылы желтоқсан ардагерлерінен сұхбат алуға көшті.
Мен марқұм Бақытбекті 1995 жылдан бері білетін едім. Ауылдан аудан орталығына отбасыммен көшіп келіп, аудан әкімінің көмекшісі қызметін Бақытбектің ағасы Ермекқараев Серіктен қабылдап алған едім. Серік аға маған айналасы екі-үш күннің ішінде көмекшілік қызметтің қыры мен сырын үйретіп, көп жағдайларды түсіндіріп ағалық ақылын берген еді. Сол уақытта осы Бақытбекпен жиі кездесіп жүрдік. Кейін сыйластық достыққа ұласты.
Сол жолы үйінде отырып әңгімелескенімізде ойға, түйгенін, есте қалған суреттерінен там-тұмдап естелік айтты.
-Алматы ауыл шаруашылығы институты алаңның түбінде еді ғой. Жатақханалары да жақын еді. Содан болар, бар таяқты біз жедік. Алаңға алғаш барған да біз. Екінші күні жатақханаларға қойша қамап, аямай сабай бастады. Арғы жағы белгілі. Мен институттан қуылдым. Сол күйі барғаным жоқ. Елдің елеулі оқиғасына қатысқан тағыдырыма ризамын,-деп үнсіз ойға қалды.
Бүгінгідей Тәуелсіздік аламыз еркіндік, азат ел боламыз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ сан ғасырдан қазақ халқына арман болып келе жатқан еркіндіктің келетінін сездім.
Бізді ешкім алаңға күштеп апарған жоқ. Өз еркімізбен шықтық. Өзіміздің көкейімізде кептелген заңды сауалымызға жауап алғымыз келді. Бірақ ол шіркіндер бізді тыңдамақ түгілі, адам екен-ау деп менсінгенде жоқ. Одан кейін бойды кернеген ашу-ызаға тұсау салып көр. Менің бүгінгі күні қапа болатынымды айтайын:
-Әркімдерде алаңда болды. Өзінің жүрек қалауын тыңдап, үнін жеткізгісі келді. Сол азаматтар 1991-1996 жылдар аралығында мен мұндалап аудан көлемінде өткізілген жиындарымызда, бас қосуларымызда болып, қуанышымыз бен қайғымызды бөлісіп келеді.
Енді араға 30 жыл салып «мен де сол алаңда болып едім», «қасынан өтіп едім», «қатыстым десем, Үкімет бір нәрсе береді ме екен?» деп жүрген кейбір «пысық» азаматтарға кездесіп жүрміз. Оларға айтарым өздерінің адами болмысын жоғалтып алмаса екен дегім келеді,-деп Бақыт ағынан жарылған еді.
Арада мінеки бес жылға жуықтаған сағымды жылдарда сырғып өте шығыпты. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі мен Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл шарасы қарсаңында бас қосып, пікір алысып, өткен күндердің ызғырықты сәттерін еске аламыз деп жүргенде Бақытбек Батырханұлы бауырымыздан ажал оңы айырып кете барды. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен танымды бағыт бағдар беруде толассыз үлесін қосып, отбаслық құндылықтарды жеке басынан жоғары қоя білетін Бақытбектей асыл азаматтың есімі елі, ұрпағы, көзі қарақты, көкірегі ояу замандастары бар да ұмытылмақ емес.
Мақсат Жеңісұлы,
Созақ аудандық желтоқсан ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Асыл әке
Асыл әке, аяулы әке жан әке,
Асқар тауым арман көлім тереңім,
Әке сенің мақсат тұтқан жолыңмен,
Адаспастан алға басып келемін.
Анамызбен қос аққудай жарасып,
Жүзуші едің айдынында теңіздің.
Перзент үшін әкем менен анашым,
Қаратау мен Алатаудай егізім.
Қайта келмес кемесіне міндің де,
Кете бардың қайта оралмас жаға.
Әке деген ең құрметті жанашыр,
Бейнең қалды сәби жүрек санада.
Алла өзі күш қуатын аямас,
Бауырларға, абзал жүрек анама.
Жатқан жерің жаннат болсан жан әке,
Тілеуіңді тілеп жүргін балаңа!
Асылзат Бақытбекқызы