Файзағаң көзі тірісінде Құмкенттен Шолаққорғанға келсе, редакцияға келмей кетпейтін. Әрбір келген сайын жазған-сызғандарын ала келетін.
Файзула Үрмізовті мен мектепте оқып жүрген кезімнен тани бастадым. Ол кісіні қой ауылға каникульға барған сайын көретінмін. Сол кездерде Файзағаң автоклуб меңгерушісі тұғын. Малшы ауылдарды аралап автоклубымен кино қоятын. Өзі домбырамен күй тартатын. Күй тартқанда тыңдаушысын жалықтырмайтын. Әрбір күйдің тарихын әдемі әңгімелеп беретін. Күй тартудан жалықпаушы еді. Таңнан таңға ерінбей күй шертетін. Шопандар қауымы күйшіні іздеп елеңдеп отыратын. Файзағаң келсе көңілдері көтеріліп қалатын. Жас болсақ та шежіре қарттың әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз. Ол кісі де бала мінезді болатын.
Әңгімесін тыңдасаң болды. Баласың ба, шағасың ба оған қарамайтын. Біздің мал ауылдағы үйде көп болушы еді. Өйткені ол шешем Ақшайымның метркесін жазған екен. Анам дүниеге келген кезде сельсоветтің хатшысы болыпты. Содан анама мен сенің әкеңмін дейтін. Шешем де ол кісі келсе жаны қалмай күтіп, дастарханын жайып қарсы алатын. Әкеме сен менің күйеу баламсың деп қалжыңдайтын.
Сонау тоқсаныншы жылдары Шымкент қаласына іс сапармен барып, ауылға қайтқалы тұрғанмын. Такси күтіп отырғанмын. Бір кезде Файзағаң келе қалды. Жолсерік болатын болды ғой деп қуанып кеттім. Сөйткенше болған жоқ «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Сабырбек Олжабаев та бізбен бірге таксиге отырды. Файзағаңның қолында домбырасы бар екен. Көп аялдамай жолға шықтық. Сабырбек пен екеуіміздің ортамызға Файзағаң отырды. Күйші қария әуелі біраз әңгіме айтты. Әдемі әңгімесінің арасында домбырамен күй шертіп отырды.
Содан Файзағаң Шымкенттен Шолаққорғанға келгенше күй тартып, әңгімесін айтты. Жол қысқарды. Үшеуіміз біздің үйге келіп түстік. Менің келіншегім Файзағаның немере қызы болып келеді. Құрақ ұшып қарсы алды. Әңгіме біріне-бірі жалғасып, арасында күй тартылып таңға дейін созылды. Файзағаң өзінің өмірі жайлы сол күні былайша сыр шертіп еді.
-Мен бір мың тоғыз жүз жиырмасыншы жылы Қызылкөл елді мекенінде дүние есігін аштым. Жиырма тоғызыншы көшпелі Қызыл Отауда оқып, хат таныдым. Жиырма сегізінші жылғы сыпырмайдан кейін елде көлік қалған жоқ. Ақ егісті халық қолмен көшеттеп екті. Мен колхозшылардың шапқан жерін өлшеп жазатын табелші болдым.
Қыс айының орта кезі. Қарғаға қақпан құрып жүр едім. Түс кезінде Шолаққорған жақтан екі аттылы адам келе жатыр екен. Бірі орыс жігіті екен. Қасындағы екіншісі қазақ. Әкейдің інісі ауылдық советтің хатшысы болатын. Біздің үйде ауылдық советке келген ГПУ-дің орынбасары Сейітқазы мен Кенжебаев Кәке екеуі тұратын. Әлгі екі кісі Кенжебаев Кәкені сұрады. Олар біздің үйде деп көрсеттім. Келгендер аудан басшылары екен. Қызылкөл мен Құмкент ауыл совет бастықтары мен жиналыс өткізді. Ашыққан жұрт Кенжебаев Көкеннің ауданның тапсырмасы деп қойма кілтін алып, астықты босатпай халықты аштан қырғанын айтты. Дереу Кенжебаевқа адам жіберіп, қойма кілтін алдырды.
Ауданның басшылары келгені халыққа дұрыс болып қалды. Тірі қалған адамдарға екі пұттан (32 кг) астық беруін тапсырды. Аш адамдардың үйлеріне астықтарын алып кетуге шамалары келмегесін Мәлік балуан атамыз көмектесіп үйді-үйлеріне арқалап жеткізіп берді. Иә, ашаршылық елді есеңгіретіп жіберді.
Әкем Үрмізі аңшы еді. Сол ашаршылық кезінде Қызылкөлден барып әкем екеуіміз балық ауладық. Ауымызға балық көп түсті. Екі қап балықты ауылға алып келіп ашыққан колхозшыларға дәу қазанға асып беріп бір тойдырдық.
Бір мың тоғыз жүз отыз төртінші жылы аудан орталығы Созақтан Шолаққорғанға көшіп келді. Ауданнан 1-3 класс ашылды деп хабарлады.
Мен үшінші класқа барып оқыдым. Кластағы оқушы саны тоғыз болды. Бізді сол кездегі ауданның бірінші хатшысының әйелі Айсарина оқытты. Бір мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы жеті жылдық білім алып шықтым. Ауылда бухгалтерияда істеп, кешке ересектердің оқытатын (ливкез) мұғалім болдым.
Бір мың тоғыз жүз отыз бесінші жылы аласапыран заман туды. Халық жауы деп талай адамды ату жазасына кесті.
Ал, 1941 жылы соғыс басталған уақытты Қызылкөл ауыл советінің секретары едім. Халықтың басына қайғы-қасірет түсті. Соғысқа алынған жастарды аудандық соғыс комиссариатына өткіземін де, қайтарда «повестканы» ала келемін.
Қырық екінші жылдан бастап отыз бес пен қырық жастың арасындағы азаматтарды «рабочий батальонға» алынды. Мен де сол рабочий батальонға алынып «Белорец» әскери зауытында жұмысшы болып істедім. Қырық төртінші жылы жаз айында науқасыма байланысты елге қайттым.
Қырық төртінші жылдың бірінші қыркүйегінен бастап Құмкент жеті жылдық мектебінің бастауыш класс мұғалімі болып істедім. Қырық бесінші жылы соғыс тоқтаған күні ауданның екінші хатшысы Мұратәлиев ақын Құлжабай Төлеуов екеуімізді және тағы бес әнші қыздарды қосып, малшыларды аралауға жіберді. Қырық колхоздың малшыларын үш ай аралап, ойын-сауывқ концертімізді беріп қайттық. Одан кейін Қызылкөл бастауыш мектебінде меңгеруші, қырық сегізінші жылы Жартытөбеге орта мектебінде қызмет атқардым.
Түркістан педагогикалық училищесін бітірдім. Кейін Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдадым.
Елу бесінші жылы Калинин орта мектебінен Құмкент орта мектебіне ауысып келдім. Іс-тәжірибем облыс бойынша таратылды.
Елге жасаған еңбектерім лайықты бағаланып, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ ССР-і Жоғарғы советінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.
1980-1981 оқу жылының соңында құрметті демалысқа шықтым. Яғни зейнеткерлікке.
Сексенінші жылы жаз айында аудан басшылары арнайы адамын қосып біздің үйге екі қыз бала алып келді. Танысып, сұраса келгенде Ленинград этнография институтынан келген ғалым қыздар екен. Біреуі-Маша Станикович деген орыс қызы, екіншісі—Шоқанова Нұрилә деген қазақ қызы. Орыс қызы филипин тілін біледі екен. Докторлық қорғау үшін Қазақстанға келіпті. Қазақстандағы ғалымдар қазақшылығы мол Жамбыл, Шымкент, қызылорда секілді үш облыстың қалағандарына баруды ұсынады. Бұл екі қыз Шымкентке келіп олыстық оқу бөліміне кіреді. Облыстық комитеттің бөлім меңгерушісі Үрістемов қыздардың шаруа-жұмыстарымен таныса келіп, сіздер Созақ ауданы, Құмкент селосында Үрмізов деген мұғалім бар. Тарихи шежіре әңгімені сол кісі біледі деп маған жіберген екен.
Мұхамеджан содан алдында мені арнайы шақырып, күйлерімді таспаға басып алған. Екі күн қонақ болып, әңгіме- дүкен құрғанбыз. Ол кісі «Өнер ата-тектен қонады екен. Өзімнің ән шығаруыма Нартай атамыздың аруағы себеп болды. Біз арғын боламыз»-деген. Екі қыз үйде бір апта жатты. Оларға өзімнің бар білген әңгіме-шежіремді жайып салдым. Әкем айтқан бір әңгіме есіме түсіп, соны айтып бердім.
Ауылда Қарасай деген кісі әйелі бала көтермеген соң Тіней деген бақсыға қаратады. Бақсы зікіршілерін ойнатып, әйелді қолын нұсқап «тұт» дегенде әйел ес-түсінен айырылып құлап, өліп жатады. Ит қаппаған балиғатқа жетпеген бір қыз, бір балаға өліп жатқан әйелдің үстіне матаны кергізіп ұстатып қояды. Бақсы саусақтарынан от шашыраған қолын әйелдің қарнына апарып сілтеп қалғанда әйелдің іші жарылып, қаны шапшып аға бастайды.
Әйелдің ішін қолымен араластырып аузымен сорып бір тостақ қан алыпты—дегенімде Маша қыз «қазақта да пышақсыз операция болған ба?» деп мені қуанғаннан мойнымды құшақтады. «Дүние жүзінде тек Индонезияда ғана пышақсыз операция бар. Олар осы күнге дейін пышақсыз операция құпиясын ешбір елге білдірмейді. Мен докторлық диссертациямды осы қазақтың пышақсыз операциясынан қорғайтын боламын, деп қуанып кетті. Екі қыз еліне барған соң хатты жаудырып жатты. Бір айдан кейін телеграмма келді. «Папа докторлық қорғайын» деп жатырмын. Келіңіз Москвадан күт десең Москвадан, Ленингардттан күт десең Ленинградттан күтемін» депті. Бірақ мен бара алмадым. Бір күні посылка келді. Ішінде бүкіл орыс ғалымдарының шежіре тарихын жазған кітап, сондай-ақ т.б сый-тарту заттары бар. Машаның анасы да үлкен ғалым екен.
Әрине айта берсең әңгіме таусыла ма? Бастан көп нәрсе өтті ғой. Балалар таң атуға да таянып қапты,-деп тоқсанға иек артқан шежіре қарт орнынан тұрды. Сөйтіп Файзағамен бір тәулік бойы әңгіме-дүкен құрған едік.
Редакцияға келген сайын да әңгімелерін тыңдаушы едім. Бүгінгісі бәрінен ғажап болды. Ертесіне Сабырбек Олжабаев екеуіміз Файзулла көкені Құмкентке шығарып салдық.
Өзі дүниеден өткенде ізінен ғибартты іс қалдырған Файзағаның тұлғасы жылдар өткен сайын биіктей берері анық. Өйткені биік таулар алыстаған сайын тұлғалана түсетіні сияқты. Файзағаның да жазғандары, айтқан әңгімелері ғибраттылығымен биіктей береді.
Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ