Биыл Құлыншақ Кемелұлының туғанына 180 жыл толу қарсаңында аудандық шығармашылық бірлестігі арнайы іс-шара түзіп жыл басынан бері, аудан мектептері мен мәдени ошақтарында, түрлі мәдени шаралар, Құлыншақ оқулары, ұрпақтары мен кездесулер, аудан мектеп аралық мүшайралар өткізуді белгілеп отыр. Белгілі ғалым, акедемик Рахманқұл Бердібаев, өзінің еңбегінде Құлыншақ бабасын «Гүлістанның бұлбұлы» деген болатын.
Бізде бүгінгі тақырыбымызды «Сайын сахараның бұлбұлы» деп атауымыз өзі жайдан жай емес. Олай болса «Құлыншақ ақын кім?», оның өлендері несімен қымбат осыған зер салатын боламыз.
Құлыншақ ақынның жанының құпиясына зер салсақ, оның адами да ақындық бағыты-шынайы, шыңдыққа сүйене жырлауында деп білеміз. Жастайынан елмен бірге күйзеліп, әрбір жанның қадірі мен құнына жете білген буын арасынан жарып шыққан шынайы дарын екенін байқау қиын емес. Жаратушының шапағатын, ақын жырға айналдырып, жұрттың жан дүниесін жаңғыртады. Ақын өлеңінің композициялық құрылысы оқиғаны дәлме-дәл суреттеуде шебер құрылғандығы. Өлендегі барлық оқиғаның мезгілі мен іс-әрекеті бастан аяқ рет-ретімен әдемі баяндалуында, яғни, өлең нақтылы деректерге ерекше мән берілген.
Осылайша қазақ поэзиясына өзгеше үн, дауыс, ырғақ, өлшем кіргізіп жырлау өрісін кеңейтіп, танытқан Абайдан бастап оның замандастары Құлыншақ, Шәді төре, Майлықожа, Нұралы, Ергөбек, Жамбыл, Майкөт тағы басқалар жыр айтыстарының негізін қалағандар еді.
Ақын адамзаттың атынан тіл қатып, жұмыр жер бетіндегі пенделердің жақсы ғұмыр кешуіне, бауырластыққа үндейді десек, бұл мақсатта әр ақын-жыраулардың өзіндік жолдары болған. Әр ақын өзінше әр қырынан танылған.
Әсіресе, айтыс жыр өнері қазақ ауыз әдебиетіне терең еніп халық арасында кең тараған.
Айтыс ақындарының жырларын қай кезде болса да халықтың сүйіп тыңдауы дәстүрге айналған.
Қай халық болсын, өзінің тарихында өмір сүрген тұлғаларды қастерлеген. Сол арқылы танымал ел, халыққа айналып, абыройы өскен.
Осындай ауыз әдебиетін дамытуда сүбелі үлес қосып, өзінің дарындық тұлғасымен көзге көрініп, елге белгілі болған дарабоз дарын, тілге шешен, суырып салма айтыскер деп Құлыншақ Кемелұлын айтуға тұрарлық.
Оны халық поэзиясының алыбы Жамбылдың бағасынан-ақ айқын аңғаруға болады.
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлы қожа Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған-десе, атақты жыршы Сұлтанбек Аққожаев Құлыншақ туралы былай толғайды:
Ұстазым – орта жүздің Құлыншағы,
Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.
Қосылып құнаныңда ат бәйгеге,
Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай бағы. — деуі
Шәкірті сүйсініп жырлағандай, нағыз дүлдүл, жүйрік ақын екенін осыдан-ақ толық аңғара аламыз.
Он бір жасында баласы Құлыншаққа өнер дарығанын білген әкесі Кемел оны Шөже ақыннан бата алдырады.
Шөже ақыннан бата алғаннан кейін Құлыншақ көп жерлерді аралап, елге танымал бола бастайды. Жасынан өнерді сүйіп өскен Құлыншақ жігітшілік жасқа жеткенде, қазақтың ескі сөз, жол-жора, мақалдарын шешендік сөздерін, бойына сіңіріп, ұққанын ұмытпай, оны қиюын келтіріп, өлең жолымен ұғындыра білген. Өкінішке орай, солардың көбісі жазба түрінде қалмаған.
Ия, Құлыншақ туралы сөз толғаудың жүгін ауырлатар себеп көп. Оның ең бастысы, ақын жырының жалпақ оқырмандарға танылар жолының әр–алуан себептері мен тарылып, насихатының осыған дейін кем соғып келгені. Екінші бір себебі қажылыққа баруы, ислам дінін қатты ұстануы болса керек. Заманның қайшылығы, ақын өлеңдерін зерттеуге, хатқа түсіруге үлкен кері әсерін тигізген.
Құлыншақ рухани жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алды. Ақын өзінің шығармаларында діни ой өрістің шеңберінде қалып қоймай, ойын кеңге салып отырған. Ақыңның шығармаларында неше түрлі тың философиялық ойлар мен тұжырымдар кездесіп отырады.
Құлыншақ ақынның еңбектерін зерттеушілер оның жинақтарын бес бөлімге топтастырған. Ақынның өлеңдерін оның ұрымтал тапқыр сөздері, шығармашылығы туралы, оның өмір деректері мен сықақтары.
Біздің мақсатымыз осы бөлімдерден оқырмандарға үзінді келтіре отырып, ақын бабамыздың еңбектерін таныстырсақ деген ниет еді.
Құлыншақ ақынның әкесі Кемел орта дәулетті, Созақ ауданының Жартытөбе ауылында тұрған, алты ұлы алты ауыл болып, немере, шөбере сүйген кісі.
Құлыншақ осы жерде 1840 жылы өмірге келген. Он бес жасында көркем сөзге қабілеттілігімен, ел аузына ерте ілініп, ақындық суырып салма өнерімен жиын тойларда сан рет сайысқа түскен.
Молда Мұса, Майкөт, Майлықожа, Будабай т.б ақындармен айтысып, өзінің жүйрік тілді, ұшқыр ойлы ақын екенін танытқан.
Құлыншақ ақынның мұраларына көз салсаңыз, байқалатын тағы бірді-екілі ерекшеліктері бар. Ол ең алдымен өз дәуірінің жаршысы, өз кезінің сыншысы. Оның философиялық өлеңдері осыған куә.
Мәселен: Дүние-ол бір көлдің қасқалдағы,
Жұлдыздай сәуле берген аспандағы
Дүниеге сәби болып келгеннен соң,
«Өмірдің,- дейді халық,-басталғаны»,-
Ақын адам өмірін тек қасқалдаққа ғана емес, сәуле берер жұлдызға, аспандағы ұшар аққуға, сұңқарға, кеменің баспалдағына теңейді.
Екінші бір қыры-арамзалық пен өктемділікке жаны қас, оны өлең жолымен түйреп отырған.
Әрбір шынайы таланттың рухани әлемі таза бастаудан нәр алып жаны нұрға бөленіп ұшып жүреді.
Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейтіні анық. Құлыншақтың жырларында қарапайым жанның мұңы да қуанышы да, тіптен астарлы сөздері алмасып жатады. Кейде ол романтикаға берілсе, бірде реалист, натуралист, ойшыл. Оның поэзиясында ойдан құрастырған жасандық жоқ. Айтар ойын оқырманның жүрегіне жеткізе білетіні.
Құлыншақ пен Майлықожа айтыстары қазақтың поэзиясында, ауыз-әдебиетінде тұлғалы орын алған. Кезінде суырып салма ақындығымен, сөз тапқырлығымен, орақ тілділігімен көзге түскен дүлділ ақындар көп болған.
Олардың поэзиялары терең зерттеліп, халықтың айтыс өнерінің алтын қорында орын алған.
Ақынның ел аузында қалған ұрымтал дәруіш сөздеріне тоқталсақ, қарадан шыққан Қисық батырға айтқан сөзі екі нұсқада айтылып жүр.
Ассалаумағалейкум, қапа болат,
Жинадым қазынаға қымбат манат.
Алысқа даңқың шыққан батыр болдың,
Жүрмісің аман-есен ер-азамат.
Бірде Қисық батыр өзі туралы “ақын болсаң менің кім екенімді айтшы”-дегенде
Бір атаң Нарботадан Андас жаман,
Айтушы еді көрген адам.
Бір Алла себеп болып құтқармаса,
Жаманнан жан қала ма жалынғаннан –
дей келіп,
Тәрізің шөлдеу жердің масасындай,
Пішінің дуананың асасындай.
Қарасам қол-аяғың бір-ақ тұтам,
Құлынның жаңа туған қасасындай- дегенде, Қисық батыр арқасынан қағып, “жарайсың бауырым, сен әрі ақын, әрі батыр екенсің”- деп қонақ қылған екен. Яғни, көшпелі қазақ қоғамындағы сараңдықты, жалқаулықты, озбырлықты, қатты сынап отырған.
Мұндай теңеу тапқыр сөздерді Ондыбай болысқа, сол кездегі озбыр, сараң би–болыстарға да айтып уәжді сөзімен ұтып отырған.
Сондай-ақ, қазақ даласындағы ақын атаулының дарын қуаты сыналатын тұс айтыс немесе адамдардың жақсылығын яки мінін табанда әрі өткір, әрі көркем бейнелеп айту дәстүрі болған ғой. Бұл ретте Құлыншақтың айтулы дүлділдердің бірі екенін танылады.
Бірде жаудан беті қайтпаған батырлығымен, әрі әділдігімен атырабына мәлім болған, Жаманқара батырға:
Жарқырап шығып еді дыбыстарың,
Өзіне пар келмейді алысқаның.
Тор темір түрмесінде жатсан дағы,
Терісі тесілмеген арыстаным-деп сипаттаған екен. Мұндай тапқыр сөздің падишасы ұстанған Құлыншақ ақынның әр-кезде, әртүрлі жағдайға байланысты айтты деген сөзі ауыз әдебиетте көптеп орын алады
Ал, ақын туралы зерттеулерге тоқталар болсақ Құлыншақ жайында бірсыпыра дерек Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің кезеңдері» деген кітабында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы Рахманқұл Бердібаевтың «Гүлстанның бұлбұлдары» атты еңбектерінде айтылған .
Құлыншақтың талантын мадақ еткен мәнді сөздер, жанды куәліктер көп. Ақынның тіл кестесі поэзияда қазақтың ауыз әдебиетінде өз алдына бір мұра. Ақын турасында кейбір тың деректерді атақты жыршы, «Алпамыс» эпосының ең көркем, нұсқасын айтқан өзі Құлыншақтың шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаевтың естелік өлеңдерінен толық байқауға болады. Зерттеушілердің айтуынша, Құлыншақ домбыра, қобызға қосылып шығыс әдебиетінің бірқатар нұсқауларын жатқа айтқан. Ал көрнекті сөз ұстазы Асқар Тоқмағанбетов бір өлеңінде Қаратаудың аты әйгілі адамдары қатарында Құлыншақты көрсетеді.
Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы.
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,
Талайды сөзбен орап тұзақтады-деген екен. Құлыншақты замандас ақындары биік санаған. Бүкіл Орта Азия ұлттарына машһүр дастан, қисса, хикая, жырларын Құлыншақ жатқа айтса, кейбіреулерін Назира үлгісімен халық ұғымына лайықтап қосқан. Соның ішінде, «Шырын-Шекер», «Ершора», «Қыз Жібек» жырларын ерекше сүйіп толғаған. Құлыншақтың бізге әзірше мәлімі сексенге тарта туындылары болса, баспа бетінде ақын шығармалары 1500 жолдан асып отыр. Құлыншақ сонымен бірге өміршен ақын болған. Өмірдегі жан сүйсінер жақсылықтарды көтеріп дәріптесе, жамандық атаулыны сын отымен қариды. Ең күрделі мәселелерге көзқарас білдіре алған, құлашы кең, дәуір жыршысы бола білген. Өзгелердей өмірден түңілмейді, қайта сол өмірдің тылсымдарына үңіліп, жұмбақтарын шешкісі, құпияларын ашқысы келеді.
Әлеуметтік өмірді, қайшылықтар мен тартысты жырға қосып отырған.
Ер жігіт он бесінде елім дейді,
Ел үшін еңбек етсе ерінбейді.
Жамандар қыр аспайды қырқында да,
Пайдасы елге тиер көрінбейді-деуінің өзі өнерді өмірге балаған, өлеңді тағдырға балаған, жамандыққа жирене қараған, ар мен жыр үшін жүрегімен от жалаған, кер заманның керегесіне сыймай, отты жырлары мен елінің рухын көтерген, жампоз жыршы, қазақ рухани әлемінің туын желбіретіп, төбеге көтергендер, асудан асқандар, шыңға шыққандар санатынан ақынның келбетін көреміз. Ақын жырлары–жүрек сызы мен ой азабын арқалаған жырлар. Аумалы төкпелі заманның озығы мен тозығын қатар қойып, жүрегінен өткізіп, тезірек айтуға ұмтылу, ақын мұраты
Тағдырдың күллі таңбасын,
Жазыпты маған көруге
Табаным тиген шоқтарға-деуінің өзі заманның кері жырауы екенін білдірсе керек. Ақынның қай жерде қалғаны әлі күнге дейін белгісіз. Алайда өзінің «Елге сәлем» деген өленінде :
Теңіздің мен ішпедім суын татып,
Бұл кесел қайдан келді құдай атып?!-дей келе,
Қаратау, басыңнан бақ арылмап ед,
Көруге енді сені боламын зар
Ағайын, қош аман бол барлығыңыз.
Сіздерге соңғы сөзім осы болар!
Жамаяқ, елге енді сен аман бар-деп, хатты аманат етіп жіберген екен. Ақынның құм қиыршағының арасында қалған алтынның сынығындай асыл сөздері ұмытылмай сақталғанына, оның шебер дарындылығына жоғарыда айтылған өлеңдері дәлел бола алады. Біз ақынның мұрасы туралы оқырмандарға толық жеткізе алғанымыз жоқ. Тек ақынның кейбір өлең-жырларын ғана мысал ретінде көрсеткендей болдық. Құлыншақ ақынмен жыр алыбы Жамбылдың кездесуі де өз алдына бір дерек.
ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Аспара, Меркеде өткен Спатай батыр асында Құлыншақ Жамбылмен алғаш рет кездеседі. Сол жиында Жамбыл «Саурық батыр»-дастанын жырлайды. Ал Молда Мұса, Будабай сияқты айтыскер ақындар қатысып таң атқанша кезегімен жыр-дастандарды төккен. Сол тойда Жамбыл Құлыншақтың «Шора батыр» туралы айтқан жырының бір сөзін қалдырмастан термелегенде, Жамбылға разы болған Құлыншақта «пай-пай нағыз құйма құлақ ақын»- деген екен.
Ал, Жамбыл осы кездесуде Зұлпықараға «Мен үлкен олжалы болдым, Түркістанда Құлыншакпен «Шораны», «Қыз Жібекті» алдым» депті.
Міне, содан бері Құлыншақ Кемелұлына 180 жыл толып отыр. Қысқасы, қысқа болса да нұсқа дегендей бас аяғы сексенге жуық тармақ түзген Құлыншақтың жыр-өлендері оқырмандардың көз алдында, ой-санасына кесек тұлғалы ақын ретінде таныла түседі. Жалпы Құлыншақ Кемелұлы шығармашылық қызметінде, әдеби мұралардың мөлшері, болмысына қарағанда ақын өнерінің үш қыры барын аңғару қиын емес. Олардың ең бастысы терең ойшылдылығы, өткір-әзіл оспаққа бейімділігі, шебер айтыскерлігі дер едік. Ал, төртінші қыры дастаншыл, жыраулық деуге болады. Құлыншақ жырының кеңістігі қалғу білмейді. Заманның дуы мен шуы, уы мен суы, балы мен тұзы мидай араласқан тынымсыз ғасыр тіршілігінің ендігі мен бойлығы ақын әлемін ұстап тұрған алтын арқау іспетті. Аласапыран сезімдердің құрсауына түсіп, жүрегі жаңа додаға іліккен сәтінде оған қол үшін беріп, көмекке келер қасиетті нәрсе–ата баба рухы, әке мінезі, балалықтың балдай тәтті көріністері, шыңырауға түссе көтеріп шығаратын, сүрінсе құлатпай, қолтығынан сүйеп қалатын жебеушісі замандас ақын жыраулар еді. Мүмкін қазақ даласының иесі мен киесі болар. Жүздеген жылдар өтсе де сонау бір есте жоқ ескі заманда айтылған сөздердің ұмытылмай бүгінгі күнге дейін жетуі, ақынның сөзінің құндылығында десек болар. Арқалы ақындар жырлағандай Теріскей өңірі сонау Құлыншақ, Шәді төре, Будабай, Айтжан, Қалдыбай, Мүсірәлі, Досқұл, Мәлік Байсақалдардан бастау алған өнерлі дарынды жандарға кенде болмаған. Кешегі Құлжабай, Шәймерден, Сүгір, Бапыш, Төлеген Момбеков, Асқар, Тәкен, Сәуірбек, Төлеген Тоқбергенов, Батима, одан бері Сағынтай, Бөрғазының Өскені тағы басқа соңынан ілескен іні, қарындастары құдайға шүкір жалғасын тауып келеді. Поэзияда өлмейтін мұра қалдырған ағалар рухы бүгінгі ұрпаққа сыйға тартқандай еді. Өйткені поэзия мәңгі сақтауда жататын алтынның құймасы десек болар. Қазақ поэзиясына, халық ауыз әдебиетін мұра етіп қалдырған Құлыншақ Кемелұлының шығармалары күн-өткен сайын зерттеліп, құнды мұраларға айналуда.
Ақын шығармаларын зерделей білген өнер иелері оның туындылары мен терең танысып, жұмыс жүргізуде. Кешегі қазақтың жыр алыптары пір тұтқан Құлыншақ Кемелұлыны өнері ескірмейтін, тозбайтын алтын мұра, ол ұлттың рухы.
Мыңжасар Асқарұлы
Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық
бірлестіктің төрағасы.
ҚР мәдениет қайраткері.