Көзіқарақты оқырмандарымыз білсе керек- ті, АҚШ- тың ұлттық географиялық қауымдастығының мұрындық болуымен шығатынNational Geographicдеп аталатын журналы бар. 1888 жылдың қазан айынан бастап шығатын журнал бұл күндері әлемнің бірнеше еліне, бірнеше тілде тарайды. Журнал негізінен география, тарих, ғылым мен мәдениет қоршаған орта тақырыптарын қамтиды. Басты материалдарды көбінесе фото- суреттер құрайды. Ал енді, 2016 жылдан бұл журнал Қазақстанда, қазақ тілінде алғашқы саны жарыққа шыға бастады. Бұл мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып отыр. Басылым алғашқы санынан-ақ еліміздегі маңызды экологиялық мәселелерге назар аударды. «Арал тағдыры адам тағдыры» деп аталатын мақалада ғаламшардағы ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны Арал теңізінің жай-күйі баяндалған болатын. Құрылтайшылардың айтуынша, «National Geographic Қазақстан» журналының негізгі мақсаты экологиялық мәселелермен қатар, еліміздің қайталанбас сұлу табиғатын, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету. Осы мақсатта журнал ұжымы биыл еліміз бойынша бірқатар зерттеу экспедициялары мен фотокөрмелер ұйымдастырмақ ниетте екенін мәлімдеді. Міне осы, дүние жүзінің көптеген мемлекеттеріне, көптеген тілдерде таралатын, 117 миллиондық аудиториясы бар телеарнаның Instagram парақшасының кейіпкеріне айналған жерлес отбасы жайлы сөз етпекпіз. Бұл тағдырдың сыйына не деуге болады. Халқының саны 17 миллионды құрайтын Қазақстан мемлекетінен, 60 мыңнан астам Созақ елінен нақ осы Жартытөбелік Аққұлиевтер отбасының атақты журналға шығуы біз, Теріскейліктер үшін де үлкен қуаныш болды әрине. Оның үстіне, 2013 жылдан бері елімізде жылда Республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсы өтіп келген. Сол конкурсқа ауданымыздың атынан 7 бірдей отбасы қатысып, мерейлі отбасы атанған болатын. Сол отбасылардың тізіміне де осы Аққұлиевтер отбасы енген еді. Міне осы, екі бірдей үлкен оқиғаның кейіпкерлері жайлы оқырмандарымызды құлағдар етпекті жөн санап, отағасы Абай Төлегенұлымен әңгімелескен едім. Ауданға, алты алашқа танылған отбасы жайлы жазбамды назарларыңызға ұсынамын:
Сонымен, Созақ ауданы Жартытөбе ауылында тұратын Аққұлиевтер — көпбалалы, өнерлі отбасы. Отағасы Абай Төлегенұлы ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүретін асаба болса, келіншегі Сафура Отарова балабақша тәрбиешісі. Абай Төлегенұлының айтуынша, National Geographicтің атақты фотографы Герд Людвиг Аққұлиевтер отбасын арнайы іздеп келген екен. Оған себеп, Герд Людвиг Қазақстанға келіп түрлі бағытта суреттер түсіреді. Солардың ішінде ұлттық киім киген қазақ отбасын түсіруде бар екен. Осы ретте, Америкалық фотограф «Үркер» сыйлығының иесі, Абай Төлегенұлының отбасылық досы Мақсат Шағырбаевтың фото коллекциясынан іздеген суреттерін табады. Бұл сурет былтырғы жылы ғана . ұлттық киіммен фотоға түскен Аққұлиевтер отбасына тиесілі боп шығады. Содан, Герд Людвиг жерден жеті қоян тапқандай:«Мені осы отбасына апарыңдар» деп отырып алады ғой. Негізінде, бұл америкалық фотограф 1991 жылы, яғни, бұдан 30 жыл бұрын да елімізге келіп, халықтың тыныс- тіршілігімен таныс болған көрінеді. Осыдан да болса керек- ті, 30 жылдан кейін аса қатты өзгере қоймаған, қазақтың ұлттық киімі мен салт- дәстүрін көріп тәнті болған екен. Сөйтіп, Жартытөбеде тұратын Аққұлиевтер әулетіне арнайы келіпті. Алдын- ала ақылдасқандайсол күні Абайдың үйіне Шымкенттен өнердегі достары қонаққа келетін болып, әзірленіп жатады. Ә, айтқандай суреттердің бірінде Абай Төлегенұлының екінші қызы Баян бар еді. Алтыншы сыныпта оқитын Абайдың бұл қызы домбырада ойнайды, түрлі күй шерткенді жақсы көреді. «Қызым анасы екеуінің фотоларын әлеуметтік желілерден көрген кезде жүрегі жарылып кете жаздап қуанды», — дейді отағасы Абай Төлегенұлы. Жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана ұлттық киімді қонақ келгенде немесе фотоға түскенде ғана емес, күнделікті тұрмыста да үйлестіріп киюге болатынын насихаттап жүрген жан. Кейіпкерім:«Жарым екеуміз төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Фотомызды көрген кезде Аллаға шүкір дедік. Қазақты қазақ етіп тұрған — осы домбыра, өзімізге тән дәстүріміз бен құндылықтарымыз ғой. Дегенмен, фотоны көргеннен кейін көпшілік: «Ұлттық киімді қонақ үшін арнайы кидіңіздер ма?» деп сұрап жатыр. Қазақы киімді қонақ келген кезде ғана емес, күнделікті тұрмыста да үйлестіріп киюге тырысамыз. Ұлттық киім міндетті түрде сәукеле мен оюлы шапан емес қой. Қазіргі заманға сай сәнді, кең етекті ықшам көйлек, қазақы қажекей, ақ орамал да қазақтыкі ғой. Ал, жаулық тағу әжелерімізден қалған дәстүр. Әйел баласы қазан-ошақтың басында жүргенде шашын жинап, етек-жеңін жауып жүрсе, жасаған асы да адал, таза болады. Мұның бәрі — қарапайым ғана тәрбие. Мен қыздарыма ақыл айтып қана қоятын емес, оларға үлгі болатын ана болғым келеді. Сондықтан баланы емес, әуелі өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Әрбір қазақтың келіні үйінде етек-жеңін жинап, әппақ жаулығын салып жүргені көз сүйсінер көрініс емес пе?!», — дейді отанасы Сафура Отарова.
«Үркер» сыйлығының лауреатымен онлайн сұхбат
Енді, National Geographicжайлы және сол журналдың кейіпкеріне айналып отырған Аққұлиевтер отбасы жайлы сөз етіп, осы оқиғаға себеп болған «Үркер» сыйлығының лауреаты, Абай Төлегенұлының досы Мақсат Шағырбаевты да әңгімеге тартпасақ, дұрыс болмас еді. Оның үстіне, мынадай ғылым мен технология дамыған заманда ғаламтордың мүмкіндігін пайдалана алмау, кәсібилігімізге де сын болар ма еді. Сол себепті де Мақсат Шағырбаевқа онлайн хабарласып, сауалдар бердік және жауабын да онлайн алған едік:
«Жалпы, бұл National Geographic журналы 1888 жылы бір топ америкалық географ- ғалымдардың топтасып, қауымдастық құруларымен шыға бастаған. Мақсаттары Америка құрама штаттарының әсем табиғатын, экологиясын, географиялық ерекшеліктерін зерттеп, жалпақ жұртқа насихаттау болатын. Келе- келе журналдың жұмыс ауқымы және аудиториясы әбден кеңейеді. Журнал әлемде үлкен сұранысқа ие болады. Қазіргі таңда ғылыми журнал әлемнің 81 еліне тарайды және 38- ші тіл қазақ тілі болып тіркелген. Сонымен қатар, бүгінде National Geographic үлкен медиа-холдингке айналып отыр. Олай дейтінім, қазіргі таңда Instagram парақшасының өзінің журналдан бөлек, телевидениясы, сайттары мен әлеуметтік парақшалары бар. Тіпті, бір ғана Instagram парақшасына тіркелген жазылымшылардың саны 200 млнды құраған. Бұл журналдың жұмыс ауқымының кеңейгендігі сондай, көптеген әлеуметтік, экологиялық және мәдени т.б салаларды зерттеп, күрделенген мәселелерін шешуге мұрындық болуда. Мәселен, атақты «Титаник» жайлы түсірген документалды бейнефильмі бүкіл дүние жүзі тамашалаған көркем туындының түсірілуіне сеп болған көрінеді. Тағы да жер бетіндегі көптеген қорықтардың сақталып қалуына септігін тигізген екен. Сондай- ақ, бұл журналдың түрлі салаларға бөлетін арнайы гранттары бар. Біз де соның Қазақстандағы өкілеттігі есептелеміз. Яғни, бүгінде National Geographic- тің Қазақша нұсқасын біз шығарып отырмыз. Мұнымен қатар, журналдың өзіне ғана тән (бренд) тауарлары және оларды сататын дүкендері де бар. Жалпы, 2016 жылдан бері біз де Қазақстандағы өкілі ретінде түрлі экспедициялар жүргізудеміз. Сондай бір экспедицияның да жұмысы үстіміздегі жылдың маусым айына тура келген болатын. Міне, осы себепті Түркістан облысы, Созақ ауданының Жартытөбе ауылына болған сапарымда досым Аққұлиев Абай Төлегенұлын отбасымен ұлттық нақыштағы киімдерімен түсірген болатынмын. Сол фотосуреттерім Америкадан келген атақты фотограф Герд Людвигтің назарына іліккен болатын. Ал енді, National Geographic- тің Қазақстандағы өкілдігі де қара- жаяу бір ұжым емес. Оның да өзінің мүйізі қарағайдай ғалымдары бар. Жоғарыда айтқанымдай, біздің өкілдіктің негізгі мақсаты Қазақстанның байтақ жерін, елін, тарихи- киелі орындарын, әдет- ғұрпы мен салт- дәстүрін шартарапқа насихаттау болып табылады».
Жалпы, Аққұлиевтер отбасы қазақтың ән- күй және қолөнерін ел ішінде насихаттап жүрген ерекше отбасы. Олай дейтінім, мынадай дін менен дәстүрден алыстап, қоғам қазақылығынан айырылып, батыстың эгоистік менталитеті жайлап жатқанда ұлттық өнерді сақтап, қайта жаңартып, кеңінен насихаттап жүру де кез- келген отбасының қолынан келе бермесі де анық. Бұл ретте, Абай Төлегенұлының асбалық қызмет жасап, той- томалақтарда, құдалықтарда ән салып жүруі де өз ықпалын тигізсе керек- ті. Себебі, үнемі ел алдында жүрген өнер адамына үздіксіз ізденіс керек. Міне, осы қажеттілікті ескерген Абай өзінің ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен бүгінде тек Теріскей жұртшылығына ғана емес, облыс көлеміне танымал тұлға болып қалыптасып үлгерді. Өзі де көпшіл, достыққа адал және қолы ашық азамат болғандықтан арттырған досы да көп. Сонымен қатар, Абай Төлегенұлының үлкен қызы Ажар қобыз, кіші қызы Баян домбыра тартады. Екеуі де Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебінің шәкірттері. Ал, үлкен ұлы Асқар шабандоз, аттың құлағында ойнайды деуге де болады. Асқардың да аттың алдыңғы екі аяғын көтертіп, шығып келе жатқан күнді қатыстырып түскен фотосуреті National Geographic журналының қазақша нұсқасына шыққан. Фотосуретті Шағырбаев Мақсат түсірген. Бұдан бөлек, әкесімен ілесіп демалыс уақыттарында тойларға, құдалықтарға шығып тұрады. Қазірге дейін сылдырмақта ойнап, ән айтып келген. Биылғы оқу жылынан бастап, Асқар да саз мектебіне, домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Ал енді, Абайдың келіншегі Сафурақолөнермен айналысады. Керексіз боп жатқан дүниелерден қазақы нақыштағы қолөнер заттарын жасап шығарады. Сафура жасап шыққан дүниелерді үйдің ішіне қоюға және сыйға тартуға әбден болады. Оның айтуынша, Instagram желісіне салынған қолөнер туындыларына тапсырыстар да түсіп жатады екен.
Негізінен, кешегі ақын атамыз Құлыншақ Кемелұлының, Жаманқара және Жамаяқ батыр- би бабалардың жалғасы Аққұлиевтер әулеті ауданымызға танымал, Саңғыл бидің ұрпағы болып келеді. Абайдың атасы Мәуленқұл көкем мен әжесі Шайы апам өсіп- өнген жандар еді. Мәуленқұл көкемнің қандай адам болғанын шежіресінен- ақ аңғаруға болады. Ал, Шайы апамыз қағылездеу, шежіреші кісі еді. Сөйлегенде айналасын баурап алатын. Әкесі Төлеген мен анасы Күнімкүл көпбалалы отбасының иелері. Бұл кісілер қазіргі таңда зейнеткерлікте! Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты әке, аяулы ана бүгінде. Ал енді, Абай Төлегенұлының өзі 1983 жылдың 22 тамызында Жартытөбе ауылында дүниеге келген. 1989 жылы атасы Құлыншақ Кемелұлы атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 2000 жылы 11 жылдық орта білім алып шығады. Абай мектепте жүргенде- ақ өзінің өнерімен, белсенділігімен көпке танылып, елдің ауызына іліккен азамат. Тіпті, «Теріскей таланттары»атты аудандық ән байқауының қатысушысы болған. Жастайынан ән айтып, терме шырқайды. 2000 жылы халық әндері байқауына да қатысады. Осы жылдың күзінде бұрынғы «Совхозтехникум», қазіргі аграрлық техникалық кқлледжде оқиды. Осында оқып жүріп «сайрам таланттары» байқауына қатысып, халық әндерінен дипломант, кейіннен лауреат атанады. 2003 жылы Шымкенттегі Пединститутқа оқуға түседі. Мұнда жүргенде «Шалқар» термешілер сайысына қатысып, жүлделі орын иеленеді. Жалпы, колледжден ауылшаруашылығы және институттан ұстаздық мамандық алып шықса да қанмен келген өнері басым келіп, күні бүгінге дейін осы саладан ризық- несібесін теріп жүр. Қайткенменде, қазақ атамыз: «Қалам берге дауға қой»- деп баға берген елдің ұрпағы емес пе, тұқымында ақын да би де қажы да, шабандоз да әнші- күйші де болған Абай өмірін өнерімен ұштастырып, еліне елеулі қызмет етіп жүрген жайы бар.
Сөз соңында
Мынау, дін ғалымдарынан мирас болып қалған: «балалық шағы бал болмаған баланың, қартайған шағы шырын болмас»- деген қанатты сөзі бар. Солар айтпақшы, жақсы қартая білу де өнер. Егер олай болмас, батыр Баукең ата буын ұрпақты қоғамда алған орынына қарай: «Шал- шауқан, қария және абыз ақсақал»- деп 3- ке бөліп қарастырмас еді ғой. Міне, осы орайда мен Абайдай арда азаматты отбасынан аспайтын шал- шауқан болудан ада, әулетіне құрметті қария, тіпті, ауыл- аймағына ақыл айтарлық ақсақал болады деп үміттенемін, болашақта. Олай дейтінім, «болар бала …»- деп нағашы туысым болғандықтан кейіпкерімнің өмірі балалық шағынан бастап, көз алдымда өтуде. Оның үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті ірілігінің, кісілігінің көрінісі. Ендеше, Аққұлиевтер әулетіне, абай Төлегенұлының отбасына: «өмірде де өнерде де алда болыңдар. Елге елеулі еңбек, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, құрметіне бөлене беріңдер!»- деген ақжарма тілекпен бүгінгі әңгімемді аяқтағым келеді!
Данияр Бек