Айтары мол ағам еді …

«Қазақстан» телеарнасында «Шиліөзен» әні туралы хабарына түскенде, сондағы қатысушылардың шежірелі Қаратау, Созақ өңірі туралы мүлде білмейтіндігі туралы байқағаннан кейін маған ой туды. Яғни кейінгі кезде бұл өңір туралы шығармалар аз жазылғандықтан болар деп ойладым. Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова, Жеңіс Қарғабаев сынды ақын-жазушылар кезінде шығармаларында туған жерін сүйіспеншілікпен, қадір қасиетін тарих пен шендестіре бүкіл қазаққа таныта білді. Кейінгі кезде бұл үрдіс баяулап қалғандай. Шежірелі Созақтық өнегелі ағалардың бірі – халық жазушысы Сәуірбек аға туралы сөз қозғамақпын. Қызмет бабымен 80 жылдардың соңы 90 жылдардың басында Алматыға келгеннен кейін Сәуірбек ағаны іздеп үйіне барып танысып, содан өмірден өткенінше ағалы-інілі болып араласып тұрдым. Сәуірбек аға үйіне барсам әңгімені ауылдағы өзі білетіндерді сұраудан бастайды. Әсіресе соғысқа бірге аттанып, пәнейі себеппен елге бірге оралған Қалдарбек ұлы Білдәш көкені көп сұрайтын. Елдің көне тарихын көп білетін, көп оқитыны көкейінен төгілген шежіре жырдан бірден байқалады. Ағам ауылы Аққолтықты түгелдеп болғасын шешіліп әңгіме айтады, мен тыңдаймын: «Тым ертедегі, одан беріректе өткен ғалымдардың, саудагерлердің, саяхатшылардың қолжазбаларында, қолмен сызған карталарында Қаратау, оның ішінде Ащысай-Торлан жері ап-анық көрсетіледі. Кейбіреулер Сырдария мен Шу өзендерінің аралығында десе, енді біреулер Созақ пен Қарнақ қалаларының ортасында деп көрсетеді. Әрине, келіп көзімен көрмеген, жерді зерттемегендерге мұның өзі дәлдік. Мұндай ескертпелер Ремезов, Иванов, Бурнашев, Татаринов қолжазбаларында кездеседі. Тіпті сол кезде Қаратау бүтіндей қорғасын мен күмістен тұрады екен деген әңгіме тараған. Тау емес үйіп қойған қазына, байлық деп түсіндірген» – деп қойнауы қазынаға толы жерін, елін айтып желпініп алатын.

Созақтық жазушыларға тән қасиет – Тәкен, Сәуірбек, Асқар ағалардың қайсысы болса да жылқы туралы біліп айтады, біліп жазады, әйтеуір аттың сынына өте жүйрік, өздері де жылқы мінезді, адалдықты сүйеді, әділетсіздікке төзбей сөзбен атша тебеді. Сәуірбек ағаның бапкерлік тұқымында бар атасы Дос туралы өзі жазса, ағасы Тойлыбайдың қалай жүйрікті баптайтынын көзіміз көрді. Қазір Тойлыбайдың баласы Секен бапкерлікті жалғастыруда. Жазушы ағаның сипаттауындағы бір ғана Қыздарбектің Қарақұлағын көз алдыңызға елестетіңізші: «Қарақұлақ жылқы тұқымы болғанмен ақылды еді. Ал, оның сұлулығын айтып жеткізу, тілмен айту мүмкін емес. Ақ жалпошты үстінен сыпырып алғанда көз алдыңда ат емес, ең бір асыл тастан қашаған, немесе, алтын мен күмістің қосындысынан құйылған ғажап бір сурет тұратын. Кеуде кең де, биік. Мойыны жұмыр. Жалпы сұйық. Құлағы құрақтай тік. Шоқтығы биік те тұтас. Ал, белі мен бөксесі ше! Қақпан белдеу келгенмен сауыры мінсіз, жұмыр, дөңгелек еді. Артқы аяғы ботаның тірсегіндей иіліп тұратын. Құйрығын өмірінде денесіне тигізіп ұстаған мал емес. Төңкерген кеседей құйма тұяқ, көбесі мықты, шашасы биік, шашалық жүні сирек, әлпі ұзын еді. Жемді де, шөпті де, суды да құнығып көп ішпейтін. Содан да іші тартыңқы, бүйірі солыңқы келетін. Қысқа айтсам, жалпошты сыпырып тастап, олай-бұлай жүргізгенде, көрушінің көзі тоятын. Өзін тамашалап тұрғанын сезе қойғандай, аяғын сал-серідей әсем тастап, басын шұлғып, көріктене түсетін. Өзінің сұлулығын сезетін кербез келіншек тәрізді, аяғын әсем тастап, құлағын қайшылап, көзін төңкере шекесінен қарайтын» – дегенде үстіне мініп желдей есетін, делебеңді қоздыратын аттың дүбірін естігендей боласың!

Офицер Сәукен майданда болған кездерін еске алғанда батыр Бауыржан Момышұлының өнегесін, ерен ерлігін сүйсіне отырып айтатын: «Көк дәптер демекші, Бауыржан соғыстың ең қиын, қауырт кездерінің өзінде қалам мен қағазын, айтпақшы көк дәптерін планшетінен тастаған жоқ. Ол соғыстың барысын, өзінің қатесі мен жеңісін, қуанышы мен қайғысын, ойына оралған қанатты сөздерді жазып отырды. Сонау 1942-1943 жылдардың өзінде Момышұлының мақал-мәтелдері майдандық газеттерде дем беруші, шақырушы ұран тәрізді басылып жүрді. «Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме!», «Жаралыға жаны шыққанша жәрдем бер, жазатайым кетпесін!» «Ердің туы намыс!», «Қол көтерген дұшпанды емес, қорамсаққа қолы жетпей кеткен жауды сыйла!», «Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет!»– деген сөздерін өзіміз сол майданда жүргенде жаттаған едік.

Баукең осы күнгі жай әңгімелерінде соғыста қорықпайтын адам болмайды. Қорқынышты ар мен намыс жеңеді деп көп айтады. Бұл шын. Осы сияқты ешкім де мен осы бір ерлік көрсете салып, батыр атанайыншы деп ерлік жасамайды. Батырлық намыстан, кектен, өштіктен, өмір үшін, өлмеу үшін күрестен туады. Менің кешегі майдандас, бүгінгі қаламдас ағам осындай ар атты атадан, намыс атты анадан туған адам» – деп батырдың қадір-қасиетін, ержүрек қайсарлығын сүйсіне, шешіле айтатын.

– Әй, бидің немересі, әңгімені тыңдай білетін сияқтысың, енді мынаны ескерші:«Есіме ауылдағы би атамыз Шойынбет түсе кетті. Мұның себебі ауыл арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, дау-дамаймен ол кісінің алды босамайды. Соның бәрін ол кісі өз үйінің төрінде отырып ап, ұзақ тыңдайды, ерінбей-жалықпай, тыңдап отыра береді. Ең артынан, даушы екеуі әбден кезек сөйлеп, айтарын тауысқан бойда өз өзімен айтады. Екі айтпайды. Айтты – болды. Кесті – пішті. Балалық болар, менің өзім Шойынбет болғым келді» – деп қайта төгілте сөйлей жөнелетін.

Офицер Сәукен аға ауылда, қан майданда көргендерін ғана айтып қоймай елге сыйлы, атақты ардагерлер туралы да көп сыр шертетін. Кітаптарын қолға алып оқысаңыз бала Шоқан, күйші Дина Нұрпейісова, батыр-ұшқыш Талғат Бигелдинов, Шыңғысханның жұбайы Бөрте т.б. секілді кейіпкерлердің көркем бейнесін жасап, оқырманын баурап алатын, оқығаны мен тоқығаны, көргені мен білгені, айтары мен жазары мол халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенұлының 100 жылдық мерейлі тойын қалай атап өтсе де жарасымды болар еді.Ал әзірге еске түсіріп, естелік жазумен ғана шектеліп отырмын. Алла бұйыртса кітаптарын талдап көлемді еңбек жазу ойда бар.

 

Жабал Шойынбет

Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Latest news

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ -НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі аудан орталығы, Шолаққорған ауылында жоғары деңгейде, сән-салтанатымен аталып өтті. Наурыз мерекесін тойлауды аудан басшысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматтары,...

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БІРІНШІ СЕСИЯСЫН ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзі – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 10 бабы 1 тармағына сәйкес, сегізінші...

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл мен Түркістан облыстарында электровоз шығарып, оларға қызмет көрсететін өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаларды іске қосу барысында жергілікті мыңдаған...

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс барысы мен...

Related news

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ -НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі аудан орталығы, Шолаққорған ауылында жоғары деңгейде, сән-салтанатымен аталып өтті. Наурыз мерекесін тойлауды аудан басшысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматтары,...

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БІРІНШІ СЕСИЯСЫН ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзі – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 10 бабы 1 тармағына сәйкес, сегізінші...

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл мен Түркістан облыстарында электровоз шығарып, оларға қызмет көрсететін өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаларды іске қосу барысында жергілікті мыңдаған...

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс барысы мен...