№13-ШІ БАСШЫ БАҚЫТБЕК

 Қазақ халқының кемеңгер ұлы, дарынды қаламгер, Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтің «13-ші ойыншы» деген әңгімесі Танагөзов Бақытбек ағамызды жолықтырғанда есіме түсті. Бақытбек ағаны Созақтың перзенті, кезінде Созақ жастарының көшбасшысы болған азамат ретінде аудан тарихына қатысты, шежіре беттерінен оқып, сырттай таныс едім. Алайда Бәйдібек ауданына әкім болып келген жылы мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бәйдібек, Созақ ауданындағы тілшісі болып бекітілген едім. Бас редакторымыз Абай аға Балажан бекітерде «аудандарыңдағы аудан басшысымен тығыз байланыста болыңдар, ақпарат көздерін ресми түрде, шынайы түрде сапалы, уақтылы, жылдам жазатын болыңдар!» деген еді. Осы мақсатпен 2017 жылы жаз айында Бақытбек ағаның қабылдауында екі-үш мәрте болдым. Қарапайым, кең көсіліп әңгімелесуге бейім, бойында ешкімді жатсынбайтын, қайта өзіне тарта түсетін қасиеті барын байқадым. Әрі Теріскейдің төл баласы болғандықтан ол кісінің жұмыс бөлмесіне «өзімізсініп»  емін-еркін кірдім.

-Мақсат мен өзің сияқты Созақ ауданында, Шолаққорған ауылында дүниеге келдім. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті 1974 жылы тәмамдадым. Сол жылы Қарағанды мемлекеттік универститетін 1979 жылы финанс және кредит мамандығы бойынша білім алып, бітірдім.

Еңбек жолымды мемлекеттік банктің Шолаққорған бөлімшесінің экономисті болып бастадым. Одан 1979-1981 жылдар аралығында әскер қатарында болдым. Мекемелерде есепші болдым. Созақ аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, Созақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Бергі қызметтерді өзіңде білесің. Қайда жүрмейік біздің бір ғана Отанымыз- Қазақ мемлекеті. Қазірде сол жоғарғы басшылық қайда жібереді, сол жерде елмен, халықпен етене болып, сыр мінездікпен сіңісіп абырой биігінде жұмыс атқарасың,-сол мақсат шеңберінде кәсіпкерлік салада да өзімді сынап көрдім,-деп ағамыз ағынан жарыла әңгіме тиегін өзі ағытқан еді.

                         Расында, Бақытбек ағаның өмір жолы халықпен тығыз байланыста өтті. Сонау тәуелсіздіктен бұрын, дәлірек айтқанда 1984 жылы аудан жастарының көшбасшысы болды. Қаншама азаматтар әлі күнге дейін «Танагөзовтің қолынан комсомол билетін алғанмын!» деп мақтанышпен айтып жүр. Мұқанов Ақшал, Дулат Тұрантегі, Ботанов Балтабек, Сексенбай Тұрысбеков, Сағынтай Байділдаев, Қабылбек Еспенбетов, Нұрсәуле Тастыбаева (ойыма түскендері) сияқты аудан жастарының жетекшілерінен зор жауапкершілік жүгі бар қызметті қабылдап алған Танакөзов Бақытбек бұл қызметті де абыройлы атқарып, Қалжеков Бауыржан інісіне аманаттаған болатын. Ол уақытта білімді іскер, болашағынан зор үміт күттіретін жастардың дені ауылдарда болды. Өзімен әріптес жастар жетекшілері ретінде«Ф.Энгельс атындағы» совхозда Жомарт Смайлов, «Қаратау» совхозында Бауыржан Құлтаев, «Сызған» совхозында Бақыт Жұмаділда, «Құмкент» совхозында Мұрат Өтенбаев, «Шу» совхозында Нұрлан Алдашов, «Жартытөбе» совхозында Болат Төлеубеков, Әнуар Асылбеков, «Калинин атындағы» совхозында Райхан Отаубаева, «Жуантөбе» совхозында Болат Айдарбеков, «Тасты» совхозында Тілеубай Жұмабаев, Тәжі Оразәлі  сияқты азаматтармен қоян қолтық бірлесе жұмыс жасады. Ағалық ақылын айтты. Одан 1987 жылы ауданның идеология саласында, 1989 жылы агроөнеркәсіп  қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы болып сайланды. Созақ ауданы әкімінің орынбасары, «Тұран-ӘлемБанк» Таукент бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Арада жылдар салып мемлекетік қызметке қайта келді.

Сайрам ауданы, Тассай ауыл округі әкімі, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, Сайрам ауданы әкімінің кеңесшісі, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, сәл кейін Бәйдібек ауданы әкімі қызметін атқарды. Сол Бәйдібекке ол кісі он үшінші әкім болып барған еді. Жұбайы Бекенқызы Гульзия апаймен төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Республикаға танымал аға буын азаматтардан тәлім-тәрбие алған Бақытбек ағамыз ел басқару ісінде сол мол тәжірибелерді нәтижелі жұмсай білді. Тәуелсіздік жылдардан бергі уақыт ішінде ауданның ауыл шаруашылығы саласына тартылған инсвестиция бұрын соңды болмаған еді. Ол мәселеде облыс көлемінде бірінші орыннан көріне білді. Тұрғын үй салу, жол, мектептер мен ауруханалар ғимараттарын тұрғызу жұмыстары бойынша облыста көш басында тұрды. Бақытбек ағамыз бас болып Бәйдібек ауданында «Үлкен Бөген» өзенінің бойында өткізген «Қымызмұрындық» фестиваліне қатысып, ұлттық тәрбиенің бастауынан сусындаған ауданның жастарын көріп дән разы болған едік. Іштей болса да «Осы шараны өткізіп жатқан Созақтың перзенті ғой!» деген ой қылаң беріп тұратын.

Әріден бастасақ, 2016 жылдың күзінде Бәйдібек ауданына 13-ші әкім болып Танагөзов Бақытбек Төленұлы келді. Осы «13» деген сан ғой Сәуірбектің шығармасын менің есіме түсіріп жүрген. Он үшінші басшының арқасында ауданның басты күн көріс саласы ауыл шаруашылығы болғандықтан егін мен мал шаруашылығы қатар жүргізілетін ауданда бұл салада соңғы 20 жылда қол жеткізбеген жетістікке жетті. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының көрсеткіштерін» орындаудан облыс бойынша аудан 1 орынды иеленді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша жоспар артығымен орындалып, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» атанды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы «Алтын асық»,  «Құлан», «Сыбаға» бағдарламаларындағы межелер артығымен орындалды. Бәйдібек ауданы «Ірі қара мал басын асылдандырудан да озат аудан» қатарынан көрінді. Аудан соңғы үш жарым жылда үлкен құрылыс алаңына айналды.  Аймақта түрлі әлеуметтік құрылыс нысандары жүргізіліп, пайдалануға беріле бастады.  Біріккен Араб Әмірлігінің демеушілігімен Шаян ауылынан сәулеті келіскен жабық теннис корты, су-спорт кешені және заманауи спорт алаңшаларының жаңа құрылысы жүргізіліп ел игілігіне пайдалануға берілді. Әрине, алдыңғы қызмет атқарған аудан басшыларының де елеулі еңбектерінің жемісі болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында Шаян ауылынан инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп, көптеген отбасылар жер теліміне ие болды. Аудан орталығынан  коммуналдық тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Одан бөлек мемлекеттік жекеменшік  әріптестік негізде Шаян, Боралдай, Мыңбұлақ ауылдарынан көпбалалы отбасылар мен жас мемлекеттік қызметшілерге коммуналдық үйлер салынды.

Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен Борлысай ауылдық округінің елді мекендері мен Шаян ауылының көшелеріне ақылды жарықтандыру шамдары орнатылды. Соңғы үш жарым жылда ауданда білім саласында заманауи үлгідегі мектептердің құрылысы қарқынды жүргізіліп, бір жылда бес мектеп пайдалануға берілген сәттер болды.

Соңғы үш жарым жылдың көлемінде  ауданды  газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жалпы тізе берсек тауыса алмаймыз. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша аудан орталығында, елді мекендерде аяқжолдар салынып, көше жарықтары орнатылды, орташа жөндеу, аяқ жолдар салу, тас пен асфальт төсеу, орталық саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Дәрігерлік бекеттер елдің игілігіне берілді. Ақын Орынбай Таймановтың 150 жылдығына орай ақынның кесенесі қалпына келтіріліп, республикалық ақындар айтысы, «Бәйдібек би» анимациялық  фильмнің тұсаукесері, қазақ күресінен «Бәйдібек барысы» сайыстары дүркіреп өтті. Кеңес Одағының Батыры Садық Әбдіжаппаров атындағы мектептің ауласына батырдың ескерткіші орнатылды. «Домалақ ана» кесенесі аумағынанқонақ жай пайдалануға берілді. Үш жылдың ішінде бірнеше ауылдық мәдениет үйлері халыққа беріліп, ауылдар типтік үлгідегі мәдениет үйлерімен қамтылды.Аудан «Туған жер – алтын бесігім» облыстық өнер фестивалінде алғашқы үштіктен көрініп, қатарынан екі жыл екі жеңіл автокөлікке ие болды. Елімізде орын алған түрлі төтенше жағдайлар кезінде болсын, облыс орталығы атанған Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстарында өзінің ұйымдастыру қабілетімен, нәтижелі ісімен танылған білікті басшы болды.  Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы-Жаңа қызмет орнында да абырой биігінен көрінетініне сеніміміз мол. Биылғы жылы мамыр айында 63 жасты ауыздықтағалы отырған Бақытбек Төленұлына асқаралы алпыстың асау толқынымен арпалыса жүріп, сексеннің сеңгір мұз тауларын жарып өтіп,  жүз жастың желкенін керуге бағыт ала беріңіз демекпін!

Мақсат Қарғабай

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...