Жалғыз ағасынан айырылып, жалғыз қолмен оралды

Қарақұр ауылындағы жалпы орта мектептің биылғы жылы бірінші класына барған сәбилер ауылдағы тірі майдангерлерді көрмей өсті. Ұлы Отан соғысына барып, қан майданды көрген ардагер бабаларының өз ауыздарынан олардың жасаған ерлік істерін ести алмады. Өйткені нақ бүгінгі күні көзі тірі майдангерлер қалған жоқ. Бәрі келместің кемесімен жолаушылап кетті.  Ендігі кезекте ол балалар үшін бұл аңыз әңгіме, тіпті Жалғыз ағасынан айырылып, жалғыз қолмен оралды 1ертегіге айналуы ғажап емес. Тек олардың ерлігін тарих беттерінен ғана оқып білетін болады. Ал біздер оқып жүргенде сол сұрапыл соғыстан аман-есен келген  майдангерлердің тең жарымын көру, олармен тілдесу бақытына ие болдық. Аталарымыздың ұлы жорық жылдарындағы ерен ерліктерін өз аузынан есітіп, ер бабалардың өр рухына талай мәрте сүйсінген едік.

Соладың бірі қарақұрлық майдангер Асанұлы Әдіхан көкеміз болатын. Болашақ майдангер, қаһарман жауынгер Әдіхан Асанов 1922 жылы Созақ ауданы Ленин ауылдық кеңесіне қарасты Ленин колхозында дүниеге келеді. Ауыл молдасынан хат таниды, Кейін аудан құрылған жылдары мектеп табалдырығын аттайды. Жасы үлкені бар, кішісі бар сауат ашу мектебінде әріп танып шығады.  Содан 1941 жылы Ұлы отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында сұрапыл соғысқа аттанады. Елімізді неміс фашист басқыншыларынан азат ету. Туған жерін, отанын қорғау үшін атақты 8 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында санитарлық бөлімшемен Ржев қаласы үшін болған ұрыстарға қатысады. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы–  1941 жылы Алматы қаласындажасақталған әскери құрама. Тұңғыш командирі – И.В. Панфилов. Алғашында 316-атқыштар дивизиясы болып жасақталып, Мәскеу түбінде көрсеткен ерен ерлігі үшін Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы аталды. Құрамы Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстары мен Кырғызстан тұрғындарынан жасақталды. 1941 жылы 17 тамызда Солтүстік-Батыс майданға жіберілді. Алғаш ұрысқа 6 қазанда Батыс майданның генералы К.К.Рокоссовский басқарған 16-армиясы құрамында Мәскеу қорғанысының шешуші учаскелерінің бірі — Волоколамск бағытында кірді. Мәскеуді қорғаудағы теңдессіз ерлігі үшін дивизия 1941 жылы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталып, 18 қарашада сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы атақ алды. 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі И.В. Панфилов есімі берілді. Дивизия 1941 жылы 15 желтоксанда 16- армияның құрамынан Ставканың резервіне (16-30 желтоқсан) өтті. Оның командирі болып генерал-майор И.М.Чистяков тағайындалды. Аталмыш дивизия 1942 жылы16 наурызда Солтүстік-Батыс, Калинин майдандарында көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен марапатталды. 1942-43 жылы Ловать өзенінде Холм қаласы түбінде қорғаныс ұрыстарын, 1944 жылдың басында 2-Прибалтика майданында Пушкин таулары мен Новосокольники түбінде шабуыл ұрыстарын жүргізді. Режица (Резекне) қаласын азат еткені үшін «Режицалық» құрметті атағы берілді, Риганы босатуға атсалысқаны үшін 2-дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. 1945 жылдың көктемінде жаудыц 350 мыңдық Курляндия тобын талқандау операциясына қатысты. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде дивизияның 36 адамы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде Б.Момышұлы (1990 жылы берілді), В.Клочков, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, И.Курганский, И.Шапшаев, А.Қосаев, М.Сеңгірбаев, А.Крючков, Я.Бондаренко, т.б. бар. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлік табандылық пен ерліктің, Отанға шексіз берілгендіктің үлгісі ретінде тарихта қалды. Мыңдаған жауынгер мен командирлер, саяси қызметкерлер орден, медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін дивизия моторландырылған атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. 1954 жылы дивизияның жауынгерлік даңқ мұражайы ашылды. Жылдар жылжып өтсе де, Ұлы Отан соғысының кейбір тұстарын әлі толықтай зерделеп біткен жоқпыз. Тіпті бірқатар майдандардағы шығын көлемі осы күнге дейін жұртшылыққа құпия болып келді. Осындай Ұлы Отан соғысы шежіресінде ештеңемен салыстыруға келмейтін қантөгіс — Ржев-Вязьма шебінде болған шайқастар.

Атақты қаламгер Илья Эренбург «Отан соғысының қай шайқасы өмірде ұмытылмастай болып есіңізде қалды?» деген сауалға: «Ржев» — деп жауап берген екен. Даңқты жазушы Константин Симонов осы қанды қырғынды «өлім аңғары» деп атапты. Қиян-кескі ұрыстар туралы аса көрнекті орыс ақыны Александр Твардовский: «Я убит под Ржевом» деген атақты өлеңін жазып, сол кезеңнің ащы шындығын жырлады.Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді. Сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев-Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары — тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын. Кейбір жарияланымдарда нақ осы майдан алаңында бір миллионнан астам кеңес әскері құрбан болды деп тұжырымдалады. Ал екі жақтың адам шығынын қоса есептегенде, қаза тапқандар саны — 2,5 миллионнан астам. Ел аузында әдетте «қолбасшылықтың қателігі», «еттартқыш», «өлім аңғары», т.б. деп айтылатын Ржев қырғынының нағыз шындығы соңғы жеті-сегіз жылдың жүзінде белгілі болды. 2007 жылы ғана Ресей Президенті В.А.Путиннің Жарлығымен Ржевке «әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. 17 айға созылған Ржев-Вязьма бағытындағы шайқастарға екі жақтан 10 миллионға жуық адам қатысып, бес майданды, отыздан астам армияны қамтыды. Ржев азат етілгенде қаланың түгелдей қирағаны, жаудың қол астында болған 20 мың халықтан тірі қалғаны 200-дей ғана адам екені белгілі болған. Сондай-ақ, соғыс жылдарында И.Сталин бір рет қана соғыс даласына барған. Ол Ржев өңірі екен. Жоғарғы Бас қолбасшы Ржев жерінде 1943 жылғы 3-5 тамызда болған. 1941 жылғы қазанда басып алған Ржев қаласынан Гитлер өз әскерлерінен қандай жағдайда да айырылмауды талап еткен. Олар үшін Ржев — Шығыс майданның ең маңызды негізгі шебі болды.Ржев даласындағы қайнаған ұрыстың ортасында Алматыда құрылған 100-ші және  Ақтөбеде құрылған 101-ші дербес атқыштар бригадалары да болды. Қазақстандықтар негізінен Ржев-Вязьма түбінде, Оленино селосы аумағында, Молодой Туд және Белый деревнялары маңында жанқиярлықпен шайқасты. Деректерге сүйенсек, Калинин майданы 39-армиясының құрамында «Марс» операциясы шайқасына қатысқан қазақстандық ұлттық 100-ші және 101 бригадалардың алдыңғысы он мың, соңғысы он үш мың жауынгерінен айырылған.

-Менің әкем осы қанды қырғынның бел ортасында шайқасқан.1941 жылы ұлттық атқыштар дивизиясына әскерге алынып, 1944 жылы ауыр жараланады. Елге аман-есен оралған әкем бейбіт еңбекке араласып, өзінің туған жері  Қарақұр ауылының өркен жаюына атсалысқан. Өмірінің барлық саналы ғұмырын шаруашылық жұмыстарына арнады. Соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан 1999 жылы бар болғаны 70 жасында өмірден озды. Оның есімін ауылдастары әрдайым сүйіспеншілікпен еске алады.

Әкемнің бір естелігінде: «1942 жылдың қысы қатты болды. 35-37 градус аяз. Қардың қалыңдығы бір жарым метрге жетті. Жер қатып қалған, тоң. Окоп қазуға әл бермейді. Жау оғынан қорғанатын ешқандай мүмкіндік болмады, қарды тасалаумен шектелдік. Жылы киім, фуфайка, пима жетпей жатты. Әскери дала асханасы қардың қалыңдығынан алға жылжи алмады, үздіксіз атыстан көлік, ат-арба қатынасы тыйылды. Біздерге қатқан нан, консерві секілді азық-түлікті аспаннан ұшақпен тастады. Азық-түлік қар астына түсіп, көміліп жатты, оны іздеп-табудың өзі бораған оқтың астында тәуекелге барумен тең еді», — дегені есімде қалыпты,-дейді ұлы Оразәлі.

Жастық жалыны атқақтаған жас сарбаз кезекті алапат шайқаста ауыр жараланады. Сөйтіп дәрігерлер оң жоқ қолын кесуге шешім қабылдайды. Сол соғыстан Әдіхан көкеміз бір қолсыз қайтады. «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы». «Ұлы Отан соғысының 30 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 35 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы», Ұлы Жеңіске 50 жыл, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» және тағы басқа да көптеген орден медалдармен марапатталады.8–ші атқыштар дивизиясы1941 жылдың желтоқсанында Семейде әскери құрама 8-ші атқыштар дивизиясы жасақталады. Дивизия жауынгерлері екі мың алты жүз шақырымға жуық майдан жолынан өтті. Ауыр күндерді бастан кеше отырып, керемет ерліктер көрсетті.
1942 жылы сәуірде Семейден аттанған 8-ші атқыштар дивизиясы жолда 24 күн жүріп отырып, алғы шептен 100-110 километрдей Москва түбіндегі Тула қаласының Сталиногорск (қазіргі Новомосковск) қаласының станциясына келіп тоқтады. Орел облысының Ливны қаласы түбіндегі фашист басқыншыларымен 1942 жылдың шілде айында айқасқа түсіп, фашистерге соққы берді. Мәскеу түбінде соққы жеп, кейін шегінген жау өз жағдайын жақсарту ниетімен осы ауданда қарсы шабуыл жасады. Дивизия олардың алға басуын тоқтатып, қорғануға мәжбүр етті. Созақтық жауынгер Әдіхан Асанов жерде соғысып жүргенде тағы бір созақтық Құрал Рүстемов Касторное маңындағы жау ошақтарын көктен бомбалап жатты.
1943 жылдың қаңтарында дивизия жауынгерлері ірі темір жол торабы Касторное ауданында жау әскерлерін қоршап алып, құртып жіберді. Осы станцияда фашистер жүздеген вагонға тиеп, Германияға жөнелтуге дайындап қойған азық-түлік, дүние-мүлікті қолға түсірді. Касторное станциясында 2000 неміс солдаты, офицері, 40 қару-жарақ, 1000 автомашина, 500 ат, 15 танк, 800 вагон соғыс мүліктері және 6700 автомашина қолға түсірілді.
8–ші атқыштар дивизиясы 13 армияның сол қанатында өзінің шабуылын әрі жалғастырып, едәуір табысқа жетті. Дивизия мұнан кейін Малоархангельск станциясы, Курск иінінде қан төгіс ұрыстар жүргізді. Сол жылдың шілдесінде Курск иініндегі қантөгіс шайқастарда нағыз қаһармандарша айқасты. Бұдан кейін 8-ші дивизияның бөлімдері Десна, Днепр, Припять өзендерін кесіп өту үшін және Карпат тауларында болған ұрыстарда жеңіске жетіп, Украинаның ондаған қалалары мен жүздеген селоларын жаудан тазартты. Соғыстың соңғы кезінде туысқан чехославак халқын гитлершілерден азат ету ұрыстарына қатынасты. Жеңіс күнін Чехословакия астанасы Прагада қарсы алды.
Майданда командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін дивизия Қызыл Ту және Суворов ордендерімен марапатталды.

Әдіхан көкеміздің әкесі Асан бабадан 16 перзент дүниеге келіп. Соның 13 перзенті түрлі аурулар мен жағдайларға байланысты шетінеп, Асылхан, Әдіхан және Набат деген екі ұл, бір қыз қалады. Асылхан Ұлы Отан соғысында опат болады да хабарсыз кетеді. Набат апаның балалары, яғни жиендер Сарыағаш ауданында тұрады. Ал Әдіхан Ұлы Отан соғысына аттанып, елге жаралы болып оралған соң Әбдірайымқызы Бейсенкүлмен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Оладың кіндігінен Әшімхан, Әлімхан, Айымхан, Күнімхан, Тілеу, Күнімжан, Айымжан, Маржан, Ләйла, Оразәлі, Бақытжан, Бауыржан есімді 12 ұл-қыздар өмірге келеді. Майдангер өмірден өткенімен соңында ізін жалғастырар 57 немере, 148 шөбере, 9 шөпшегі қалды.

Бүгінде қарашаңырақтың иесі Оразәлі бауырымыз, алыс-жақындағы ағайындардың басын қосып, ата-баба рухына ас беріп, құран бағыштап отыруды отбасылық ғұрыпқа айналдырған. Оразәлі бірнеше жылдар ұстаздық салада, Шаға ауылындағы Сәуірбек Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінде абыройлы еңбек етті. Кейінгі нарықтық заман елге енгеннен кейін кәсіпкерлік салаға алаңсыз бет бұрды. Жұбайы Орынкүл Атымтайқызы екеуі ауыл халқын қыс айларында  азық-түлікпен, киім-кешекпен, жем-шөппен, жаз айларында көк өніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етуді өздеріне мақсат тұтқан. Арагідік ауылдастарына, түрлі іс шараларға қатысып,  қайырлы сауапты істер жасап, ауыл-аймағының ауылдастарының ақ батасы мен ақ алғысына бөленіп жүрген өнегелі отбасы иелері. Бүгінде қолы ашық, жаны жомарт Оразәлі бауырымыз  атадан аманат болып қалған қара шаңырақтың бас иесі болып, өзі де жұбайы Орынкүл екеуі немере сүйіп отырған ақсақалды ата, ақ киемешекті әжелердің бірі.  Біз барғанда Орекеңнің шаңырағына Лесбек, Айдар, Асан, Нұржан, Әсет, Нағашбек есімді достары алыс-жақыннан жиылып бәтуәлі іске кеңесіп жатыр екен. Қарт майдангер мен сол сұрапыл жылдары елден ақ кебін арқалап, оралмай кеткен жауынгер аталарымыздың рухы алдында мәңгі бас иеміз! Ескерткіш алаңындағы өшпес оттың жалыны ерлерін ұмытпайтын елі тұрғанда ешқашанда сөнбек емес!

Мақсат Нұрдаутегі

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...