Сырлы Созақ. Текті қазақ

 

           Сырлы Созақ.  Текті қазақ 1 1999 жылдың көктемінде Еңбекшіден ертелеп шығып,Теріскейге көк жигулимен жүйткіп келеміз. Бағытымыз Сырлы Созақтың Бабатасында тұратын Берікқұл құданың шаңырағы. Сырлы десе дегендей,Жартытөбенің Бабатасының аты мен заты қандай, көненің көзіндей Ысқақ бабтың мәңгілік мекені мен медресесі, келісті кесенесіқандай! Созақтағы алақандай ауыл үшін осылардың өзі-ақ аз әңгіме емес.

            Созақ сырларының сан қырлылығы мен тарихының тереңдігін өз халімше  бағамдасам да,қатпарларын қарастырып, өткеніне тереңдемек ойым болмаған.Сонда да«Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді» дегенді айтқан Созақтық саңлақ Асқар Сүлейменовтің Алматыда өткен бір кездесуде:«Сізді Шымкенттен дейді, сол рас па?» -деп сұрақ қойған студентке:«Мен Созақтанмын»,- деген жауабына түсініңкіремей: «Созақ Шымкентке қарамайды ма?» -деп,  қайта сұрағанда:«Созақ Шымкентке қарамайды, Шымкент Созаққа қарайды»,- дейтін астарлы сөзімен талай сырды аңғартқаны жайлы «Парасат падишасынан» оқығаным есіме түскен.

            Иә, Созақ пен қазақ егіз ұғымдай дерсіз. Жайшылықта керіле созылып жайуат жатқанмен, қыстың күні асу бермес «Одаманбұлақ» беліне іліккеннен нағыз Созақтың жері мен желі қарсы алып, биігіне көтерілгендетасы мен таулары мұнарта бастайды.Белден алқына асқаннан Теріскейдің тынымсыз желінен Түстікке қарай қаша жөнелейін десе өскен жерін қия алмағандай, тамырын жерден үзе алмағандай қинала майысқан жол жағасындағы жалаңаш қара талдарымен мыңғырған малдары көзге шалынады.Ары қарай «Таскөмірсайынан» өтіп, шебер Құдай жарты қып жаратқан Жартытөбетүбіне ат шалдырған сәтте бұлақтың суы сылдырап, жусанының исібұрқырап, көкірек сарайыңдықытықтаса, айналаңда Созаққа тәнсуреттер айшықтала түседі.

            Халыққа пана да, ана да болған кәрі тарихтың куәсіндей қазаққа қастерлі Қаратау баурайыныңарғы тарихын ақтармай-ақ,қайбір жылдары шекара ашылғанда Қытайдан оралған қандастарымызға құшақ жайған жайсаң елді, қара сөздің хас шебері Асқар ерді, Тәкендей, Сәуірбектей қарымды қаламгерлерді, қос ішектен күңірентіп күй төккен Сүгір мен Төлегендей күйшілерді танысаңыз талантына тамсанасыз.Оған осынауқұтты мекен, құнарлы топырақтыңқаншама өзге де өнерпаздардың,  талай-талай таланттардың қиялын қозғап, тамсандырғанын, Шәмшінің шабытын шалқытып, «Теріскей» деп ән салдырғанын қоссаңыз бұл  өрісі кең өлкені «Сырлы Созақ» деп атамасқа ылажың жоқтай. Алайда, туған жер қаншама ыстық, қаншама сырлы болса да сол жердің халқымен қадірлі, айтулы азаматтарымен аяулы, елшіл де текті перзенттерімен сыйлы да сүйкімді болары сөзсіз.

            Сырлы Созақ.  Текті қазақ 2Бұрын да жыл аралата бірлі-жарым келіп-кетіп жүрген құдалардың ауылына бұл жолы біраздан бері төсек тартып жатып қалған Берікқұлақсақалдың көңілін сұрауға келе жатқан бетіміз. Қасымда әкем мен анамбар. Берікқұл құда әке-шешемнің тұла бойы тұңғышы, әжесінің баласы, аяулы анашымның атын атамаған төлбасыТөрежаны, алдымыздағы ақпейіл ағамыз Арекеңніңқайын атасы, ырымалды үлкен Шолпан жеңгеміздің асқар тау әкесі. Арын мен Шолпан-

 «…Алдыңда қадірі бар ағаң болса,

 Ініге асқар ала бел емес пе?

 Кемеңгер сыйласымды жеңгең болса,

Қазына таусылмайтын кен емес пе?!»-дейтіндей-ақ шындығы солалдыңғы арба, қадірі бар ағамыз бен сыр алдырмаған сыйласымды жеңгеміз.

            1983 жылы екеуі үйленгенде мен әскер қатарында болып, тойдың басы-қасында бола алмадым. Екеуінің отбасын құруға шешім қабылдағанын Алматыдан арнайы келіп Нұржігіттің хабарлағанын, арада кісі жүріп, екі жақтың батасын алған соң май айында ауыл тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен той өткенін, тойға Алматыдан елу-алпыс студенттің келіп қатысқанын, Қошанның күмбірлеген домбырасымен ән қалықтатып, тойға шашу шашқанын, тойдың қызығы мен шыжығы жайлы таусылмасалуан-алуан естеліктерден естіп, білген едім. Айтпақшы, біздің әулеттің үлкені, Арекеңді «Арубай» атайтын аты аңызға айналған Бәйтен атамның сол кездегі өлшеммен шалғайдан келген   құдалардың көңілін аулап:

                        Келін алдық Созақтан

Жақын емес ұзақтан.

                       Арақ ішіп отырмыз,

Сақта Құдай тозақтан,- деп әуендете тойды ашқан атақты өлеңіел есінде сақталып, сөз арасында әлі күнге айтылып қалады.

            Берікқұл құда — атына заты сай берік етіп, бекітіп жаратқанҚұдайдың құлы, қазақтыңтекті ұлы. Сәл шыдасаңыз оған көзіңіздіжеткіземіз. Соғыс басталғанда жиырманың белортасынан асқан азамат ел басына күн туғанда қайта-қайта сұранып, майданға аттаныпты. Басқасын айтпағанда кешегі сұрапыл соғыста сау-тамтығы қалмай жараланғанда жан сірілігімен Алла сақтап аман қалғаны беріктігінің белгісіндей жаны олжа майдангер.

            Құда жарықтық Құдай сақтамаса 1945 жылдың сәуірінде Румыния жерін азат ету үшін болған қиян-кескі ұрыс кезінде алған ауыр жарақаттардантірі қалмас еді. Сол бір аспан айналып жерге түскендей аласапыран шайқастан үш күн өткенде ұрыс даласынан құрбандар мен бірлі-жарым аман қалғандарды теріп, арбаға тиеп жүрген санитарлар өлімші боп жараланған солдаттан тіршілік белгісін байқап, жеделдетіп госпитальға жеткізіпті. Госпитальде есін жиып, Жеңіс туы желбірегенін естігенде де он екі мүшесін түгелдеген сарбаздың көңіл-күйі мәз емес еді. Орда бұзар отыздан жаңа асқан жауынгердің бір көзі жоқ, оң қолышынтағынан кесілген, денесінің жарақаттан сау жері қалмаған халде екенін түсінгенде қалай күйзелгенін сипаттауға сөз жетпес.«Ердің басы мұңсыз болмас, Таудың басы желсіз болмас» демекші оқ пен оттан аман қалған жігіттің басындағы бұл жолғы мұңнан сейіліп, сергуі қиын болыпты.Өйткенітәні де, жаны да жаралы жассарбаз келешегі жайлытағдыр шешті тәшпішке түскен-ді.

            Екі жылға жуық жарақатынан емделіп, өзіне-өзі келгенде «Мына түріммен, мынадай мүгедек халде кімге керекпін, елге несіне оралмақпын?» деген ойлар санасын сансыратып, соғыс тоқтаса да елге қайтуға асықпапты. Сондай қобалжулы күндердің бірінде оның күмәнді ойларын байқаған қасындағы аяқ-қолынан айрылып, домаланып қалған майдангер «Сенің мұныңа не жорық. Бір көзің болмаса екіншісі бар, оң қолың жоқ болса сол қолың бүтін, жап-жас жігітсің. Құдайыңа шүкір деп еліңе қайт. Маған қарағанда атты кісідейсің» деп жігерлендіріпті. Осындай қайратты сөздерқамшы боп, туған елге оралуға бекінген соң, 1946 жылдың күзінде арнайы жіберілген әскерилер ауылға әкеп салыпты.

            Түске салым Бабатаға жетіп, құданың шаңырағына ат басын тіредік. Құда мен құдағидың қолындағы ұлы Шәріпбек құда мен келіні Сырғакүл құдағи есік алдында жолығысып, үйге кірдік. Табалдырықтан аттағаннан Күнімкүл әже қарсы алып, қосағы Берікқұл құда жатқан бөлмеге қарай бастаған. Сексеннің жуан ортасындағы ақсақалдың жазатайым жамбас сүйегі морт сынып, төсек тартып жатып қалғанына бірталай уақыт өткен. Алдымен көкем кереуетке еңкейіп, құдасын кеудесіне баса сәлемдесіп, жағдай сұрады. Кейін анам «Армаңыз құда» деп сәлем берген соң, кезек маған да тиді. Соғыс салған жараға, жазым басып жатып қалғанына, мәужіреген қарттығы қосылған құдамыздың жүдеп, жұқарып-ақ қалғаны көрініп тұр. Біздің айтқанымызды естіп, жауап қатпағанмен, бір сыйлы кісілердің ұзақтан келгенін сезіп жатқандай. Үйдегілер:  -Аудармашысы айтпаса есіте қоймайды,- десіп жатыр. Аудармашысы — Күнімкүл әже.

            Берікқұл құда Күнімкүл құдағимен соғыстың алдында шаңырақ көтеріп,соғыстан соң жұбайлық өмірді қайта жалғаған. Өмір ағысында екеуі Алла сыйлаған үш ұл, бес қызды өсіріп-өндіріп, оқытып-тәрбиелеген, әлімұлыққа жеткізген жандар. Адал жар осындай-ақ болар.

Анам менің иілген сұрау белгі,

Аз ғана шаттық көрді, жылау көрді.

 Қалай ғана қалпына келтірерсің,

Дауылдар майыстырған мынау белді,-деп қайран Мұқағали қайталанбас жырынақосқанда Күнімкүл әжелердей аналарды да айтқаны анық. Ері соғысқа кеткенде емізулі баласымен шахтада кен қаза жүріп түтінін түтеткен құдағи «қара қазан, сары баланың қамы үшін»қаншама дауылдарға кезікпеді, төзбеді дейсіз! Дауылдар, әсіресе «Теріскей тағдырдың» долы дауылдары майыстырған мынау белді қайтіп қана қалпына келтірерсіз?! Енді міне қартайғанда кез болған сынаққа да сыр бермей жарының қызметінде жүрген құдағи құдамен тіл қатыса алмай тұрғанымызда қосағының құлағына жақындады да:

            -Батыр құдаң бала-шағасымен келді ғой, сәлемдесіп,- деп сыбыр етті. Оны құданың төбесінен төніп тұрған біздер әрең естідік. Алайда құда бәрін де естіп, бәрін де түсініп жатыр екен. Іле-шала:

            — Не ізет қылдыңдар, мал сойдыңдар ма? – деп, күбірлегенде құдағи қайта сыбырлап:

            — Иә, баллар мал сойып жатыр. Қазір келіндер қазанға салады, -деп құлағына қайта сыбырлап, өзара түсінісіп, құданың көңілін демдеген.

            Ал, мен болсам өзі мынадай жағдайда, жанқайғы боп жатқан жанның намыс ойлаған ішкі қуатына таңқалдым.Қайран қазағымың аталы жолына адалдық осындай-ақ болар. Ол кісі ақтық демі таусылғанша «Құда риза болса, Құдай риза» деген халқымыздың қонақжайлық салтының мүлтіксіз сақталуына алаңдап, мың жылдық құдалықты  ұрпаққа өнеге етіп жатқандай көрінген. «Мәселе тамақта емес, қабақта» деген де бар емес пе?! Естен шықпай қалғаны сол күнгі ет пен сорпа емес, шындығы Берікқұл құданың тереңдігі, тектілігі еді.

            Миллиондар өмірін жалмаған сұрапылда Құдай қолдап қол жеткізген Ұлы Жеңіске бір көзін ойып, бір қолын жұлып беріп, Жеңісті жақындатқан ерлердің бірі менің майдангер құдам – Өтебайұлы Берікқұл. Қазақтың біртуар даңқты перзенті Бауыржан  Момышұлы «Өткенді қастерлеген өседі, өткенді ескермеген өшеді» деген ұлағат қалдырған. Өшкеннің беті аулақ, ал, өсу үшін бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпауы, тарихи тамырын жоғалтпауы керек. Өйтпесе келешек жас буынның санасын ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміздің еңбегін бағаламай, аспаннан салбырап түскендей тамырсыздық жаулауы кәдік.Ұлы Жеңістің қарсаңында мен де майдангер Берікқұл құдамның ерлігін, өрлігін, жанқайғы халде жатса да тектілігінен танбағанқасиетін есіме түсіріп, үлгі ету үшін сөз еттім.

            Соғыстың аты өшсін, енді соғыс болмасын. Қаншама шаңырақтың жалғызы мен топты азаматтары соғыс өртінің жалынына жұтылып, жоқ боп кетті. «Жалғызынан айырылғанның жарасы, алтауынан айырылғаннан кем емес» деп,тағы сол Б. Момышұлы айтқан ащы ақиқатпен сипатталған соғысты еліміз енді көрмесін. Орыстың ойшыл жазушысы Л.Н.толстой да: «Соғыс дегеніміз – адам өлтіру. Адам өлтіруге қаншама көп адам бірігіп қатысса да және өздерін қалай деп атаса да, бәрібір адам өлтіру – дүниедегі ең ауыр күнә»,- дегенді ескертіпті. Сол бір сұрапыл соғыстың салған жарасы жазыла қойған жоқ, жазылмайды да. Майдангер құдамның қасиетіне қатысты мен біліп, сезінген Созақтың бір сыры, текті азаматының естен кетпес бір қыры осындай. Бұл естелігім қан төккен аталарымыздың аруағына көрсеткен құрметім, алдымыздағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына ұрпақтарының тартуы болғай.

            Бүгінгі қазақ та елдігін мәңгілікке ұластыру үшін салтына сақтық танытуы маңызды десек қате болмас.Атам қазақ «Бармасаң-келмесең жат боларсың» деп ескерткен. Алла Тағала жат болудан сақтасын. Аталарымыз аманаттағандай Құдай қосқан құда-жекжаттармен қарым-қатынасымызды үзбей барып-келіпамандықта араласып-құраласып тұрғанға не жетсін!..

Latest news

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ -НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі аудан орталығы, Шолаққорған ауылында жоғары деңгейде, сән-салтанатымен аталып өтті. Наурыз мерекесін тойлауды аудан басшысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматтары,...

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БІРІНШІ СЕСИЯСЫН ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзі – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 10 бабы 1 тармағына сәйкес, сегізінші...

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл мен Түркістан облыстарында электровоз шығарып, оларға қызмет көрсететін өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаларды іске қосу барысында жергілікті мыңдаған...

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс барысы мен...

Related news

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ -НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі аудан орталығы, Шолаққорған ауылында жоғары деңгейде, сән-салтанатымен аталып өтті. Наурыз мерекесін тойлауды аудан басшысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматтары,...

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БІРІНШІ СЕСИЯСЫН ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзі – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 10 бабы 1 тармағына сәйкес, сегізінші...

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл мен Түркістан облыстарында электровоз шығарып, оларға қызмет көрсететін өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаларды іске қосу барысында жергілікті мыңдаған...

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс барысы мен...