Біз соғысты көрген жоқпыз тіптен де,
Туылыппыз соғыс әбден біткенде.
Жеңіс құнын біледі тек, жан қиып,
Жеңіс үшін ажалға бас тіккендер..—деп бастаппын бір өлеңімді.
Иә, біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ сол сұрапыл соғысты бастан кешіп, аман-есен елге оралған көкелеріміз бен аталарымыздың қолдарына су құйып, ақ батасын алдық, от пен оқтың астында өткізген ауыр күндері жайлы естеліктерін өз ауыздарынан естідік. Ал, бүгінгі ұрпақ ше?..
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бесінші сынып оқушыларына бейнелеу өнері сабағынан «Жеңіс жалауы осылай желбіреді» деген тақырыпта сурет салдырып жаттым. Мен біраз түсіндірген соң, олар жұмысқа қызу кірісіп кетті. Сабақ соңында оқушылар салған суреттерді бағалап жатып қатты таң қалдым. Ия, кәдімгі астаң-кестең, қырғын соғыс. Сарбаздар да атой салып, жаудықырып барады. Тіпті, бір қазақ сарбазы биік күмбездің (бәлкім, Рейхстаг болар) басына желбіретіп ту тігіп те жатыр! Бірақ.. ия, бірақ желбіретіп тігіп жатқаны кеңестің қызыл туы емес, бүгінгі Тәуелсіз еліміздің көк байрағы. Сарбаздардың кигені де ұзын шинел емес, жер түстес алабажақ бүгінгі әскери киімдер. Қолдарындағы қарулары да ол кездегі қаруларға мүлде ұқсамайды.. Тек өз ойындағысын ғана айтқысы келетін (кітапты көп оқи бермейтін, теледидардан тарихи фильмдерді көп көре бермейтін) оқушыларға қайтіп кінә тағасың? Сонда да, ол ту мен бұл тудың, ол кезең мен бұл кезеңнің үлкен айырмасы бар екенін өз білгенімше түсіндірген болдым..
Жазбаша деректерге сүйенсек, кезінде «Ұлы Отан соғысы» деп әспеттелген қанқұйлы сұрапылсоғысқа біздің Созақ ауданынан да6 мыңдай азамат аттанып, 860 майдангер аман-есен елге оралыпты. Одан бері де күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп, майдангерлер сапы да азайып келеді. Бір кездері орден-медалдары сыңғырлап, көшеге симай кететін солмайдангерлерден дәл бүгінүшеуі ғана ортамызда жүргенін білгенімде, жаным жылап, кеудеме өксік тығылды..
Өткенімен айлар-жылдар нешеме,
Сол бір күндер көңілімнен өшер ме ?
Жеңіс күні орден-медал тағынған,
Майдангерлер симаушы еді көшеге.
Үшеу ғана содан міне қалғаны…
Осы екен ғой бұл өмірдің жалғаны.
Былтыр ғана алты ардагер бар еді..
(Ішім от боп, жанымды мұң торлады).
Өмір өз ағынын тоқтатпайды. Күндердің күні сұрапыл соғысты бастан кешіп келген үш майдангерді де үлкен жеңіс шеруінен көре алмай қалуымыз әбден мүмкін.(Бала-шаға, немерелеріміз батыр аталарының нұрлы бейнесін, оқ тесіп, қан жұққан шинелін, жеңіс сәулесімен жарқыраған орден-медалдарын тек мұражай төрінен ғана көретін кездің әйтеуір бір келеріанық қой).
Мызғымас тас-Қаратаудай көрінген,
Сан майдангерөтіп кетті өмірден..
Қорқам, бір күн нұр бейнесін олардың,
Көрем бе деп тек мұражай төрінен…-деп аяқтаппын өлеңімд
Көз қуанышы болып елдің, қараңдап,
Жүздерінде үміт оты алаулап,
Жеңіс күнін күтіп жүрген қарайлап,
Майдангерлер қалды бүгін санаулы-ақ..
Мені бәрінен бұрын кеудесі орден-медалға толы Отан соғысы ардагерлерінің ең соңғысы ақтық сапарға аттанғаннан кейін мерекелік жеңіс шеруін кім бастайды? Олардың орнын кім басады?-деген сауал қатты ойландырады. Өйткені бүгінгі жас ұрпақты шыңдап, Отанға, елге деген патриоттық сүйіспеншілігін арттыру үшін оларға қандай да бір ерекше тұлғаны, ерлік-даңқты үлгі етуіміз керек қой. Бірақ, кімді? Қандай ерлікті? Меніңше, соғыс ардагерлерінің орнын баса алатын ондай майдангер буын бар. Ол-бейбіт күнде сұрапыл соғысты бастан кешіп, отқа күйіп, денесін оқ тескен, кешегі майдангераталарының ерлігін қайталап, даңққа бөленген ауған соғысының ардагерлері екеніне дау жоқ. Олай болса, бүгінде алды немере-шөбере сүйіп, ата болып, өмірдің ағымымен жылдан-жылға қатары сиреп те бара жатқан ауған соғысының ардагерлеріне деген қадір-құрметімізді осы бастан күшейте түсуіміз керек. Кезінде Отан соғысы ардагерлеріне жасай алмай қалған жақсылығымызды әлі күнге дейін жүрегінен соғыстың, денесінен оқтыңтыртығы жазыла қоймаған санаулы ғана батыр ұлдарымызға жасаудан аянбайық.
Байділдә Айдарбек
Ұстаз-тәрбиеші, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.