Өмір-адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый.Қызығы мен шыжығы қатар, аралас келетін осы бір арпалыста әр пенденің басына Алла Тағалам не жазса, соны шетінен көріп, ризығы мен несібесін теріп жүре беретіні айдан анық көрінеді.
Өмір-өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы-демекші, өткен күндерге көз тастасам, менің балалық шағым да уайымсыз тәп-тәтті өте шықпапты. Балалық шағым сұм соғыстың ащы өксігі мен арпалысына тұспа-тұс келіпті. Әкем Тұрғанбайұлы Дүйсенбек 1885 жылы өмірге келген екен. Шешем Асылбекова Ырыскүл екеуі колхоздың малын бағып зейнеткерлікке шыққанға дейін нәпақасын адал еңбекпен тапқан жандар. Шешемнен туған бауырларым Адырбек, Омарбек, Ораш (әпкем) Сатыбалды, Шолпан (қарындасым). Үлкен ағам Адырбек соғысқа кеткеннен хат-хабарсыз кетіп оралмайды. Оның артынан кеткен Омарбек ағам 1947 жылы аман-есен елге оралды. Сол қиын қыстау кезеңдері, яғни 1940 жылдың 13 мамырында мен өмірге келіппін. Әкем байғұс өзі қиналып таң азаннан қара құрым кешке дейін малдың соңында «Бұл бала жетіліп маған нанын жегізем дегенше, кім бар, кім жоқ?» деп таяғын сүйеніп жылап жүреді екен. Сонда қайғыдан қан жұтқан шешем үйде тіршіліктің қамын жасап жүріп ішінен күбірлеп айтып жүретін мына өлең шумақтары әлі күнге дейін құлағымнан кетер емес.
Алма бітер айналып,
Сабағына байланып,
Тірі болсаң келерсің,
СССР -ді айналып,
Көйлек кидім пар қылып,
Етек жеңін тар қылып,
Әскерге кеткен балама,
Қойдың құдай зар қылып.
Артым биік, алдым жар,
Айналуға болдым зар,
Келеді- ау деп жүруші ем,
Ақ қағазға болдым зар.
Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай келген анаңа, қолыңнан келгеніңнің бәрін жасасаң да, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күнімен парапар келеді екен. Сол әке-шешеміздің басқан іздеріне зар болып, естеліктермен өмір сүріп, мінекей сексенге де келіп қалғанымызды білмей қалыппыз. Омарбек ағам соғыстан оралған жылы колхоздан қазіргі Мақтарал ауданына 40 үй көшіріліпті. Сонда мен бірінші класта оқитынмын.
Ол жақта немістер көп қоныстанған екен. Негізгі кәсіптері мақта терумен айналысатын. Үнемі малдың артынан жүрген бізге бұл қызық кәсіп сынды көрінді. Сол жерде жаздай болып қазіргі Кентау қаласына көшіп келдік. Кентаудың Хантағы деген жерінде ағам Омарбек шешендердің, гректердің коменданты болып қызмет істеді.
Майдангер ағамның Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен ішкі істер қызметіндегі жемісті еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, марапатталып отырды. Атап айтқанда, жауынгерлік «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Отан Соғысының 1 дәрежелі» ордендерімен, «Батырлығы үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, тағы басқа толып жатқан мақтау қағаздарымен марапатталған. Көкемнің мұндай биік жетістіктеріне әке-шешем төбелері көкке бір елі жетпей мақтанып отырушы еді, шіркін! Майдангер ағамның Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы Кеңес Одағының батыры, жазушы Мәлік Ғабдулиннің «Сұрапыл жылдар», «Майдан очерктері», «Будни войны» кітаптарында жан-жақты жазылғанында менің қуанғанымды көрсеңіздер ғой. Көкемді қатты мақтан тұттым, сыйлай білдім.
«Омекеңнің айтқаны еді» деген небір өнегелі әңгімелерді кезінде оның көзін көрген жандар бүгінде жыр етіп айтады. Ия, ағам әңгімешіл, ақкөңіл, ескіден келе жатқан тәлімді әңгімелерді құлағыма құйып отыратын еді.
Өтті ғой заман сұрапыл,
Отан үшін от кешкен,
Небір боздақ қайтпады,
Кеудесін темір оқ тескен.
Ата-ана, бауыр, туған ел,
Соңында қалды қол бұлғап,
Сағыныш барда кеудеде,
Үмітін қалай солдырмақ.
Майданға кеткен ағалар,
Алтын да белбеу жағалар,
Кеткенде сіздер майданға,
Іңгәлап қалған бала бар.
Өмір деген қас-қағым,
Өтеді екен дүние-ай.
«Жеңіс» деген ғаламат,
Қуаныш екен соны ұқтым.
Ардагер асыл ағалар,
Құтты да болсын, жеңісің.
Көрмесін соғыс балалар,
Берейік бата сол үшін.
Анам Ырыскүлдің ер мінезді қайсар бейнетшіл адам болғаны, әкем Дүйсенбектің өте мейірімді, адам баласының бетіне қарап сөйлемейтін қарапайым адал жан болғанын бері күнге дейін дос-жарандары, тума-туыстары сағына айтып, еске алып отырушы еді.
Шешем бақуатты жердің қызы болыпты. Шешемнің нағашылары- қазақ әдебиетінен лайықты орын алған Смет Кеңесбаевтар екен. Ауылына өзге біреулер келіп құда түсіп жатқанда «Торжорға» деген атымен жалғыз өзі Бетпақ даламен қашып отырып, әкеммен отау құрыпты. Торжорғаның керемет қасиеттері, иесіне адал тұлпар екендігін анамның аузынан талай мәрте естігенмін. Бүгінде шешемнен қалған жалғыз сурет бар, ал әкемнің суретін бір көру мен үшін орындалмаған арман болып қала берді. Әлі есімде, 1947 жыл «Северный Біресек» деген жерде Торлан экспедиция ашылды. Жұмысқа адамдар алына бастады. Электр станция қойылып, алғаш рет жарықтар жана бастады. Менің әкем сол кезде жұмыссыз еді. Біз тұратын қазақы тамымыздың шеті он бес күннің ішінде вагонмен қоршалды. Үйіміздің алдына подстанция салынды. Әне-міне дегенше жарық қосыла бастады, таудың ішінде радио іске қосылды. Жұмысшылар сменмен жұмыс істей бастады. Ауылымызда өте қызықты күндер басталды. Су беру мекемесі салынып, әкем сол жерге қарауыл болып орналасты. Мен сол кезде 7 жасар бала едім. Хантағыдағы А.С Пушкин атындағы мектепте білім алдым.
Бұл уақыттарда екі әпкемнің бірі Шолпан әпкем қатты науқастан қайтыс болды. Артында Клара есімді бір жиен қызымыз қалды. Ал Ораш әпкеміз сол өз кезеңінің мықты айтыскері Жарымбетов Насыр деген жігітпен отау құрды. Насыр жездеміз сол замандағы мықты суырып салма айтыскер ақындардың бірі болды. Кезінде талай айтыскерлерді мірдің оғындай сөздерімен жеңіп, жүлделі орындармен көзге түсті. Отбасылық өмірде Іңкәр келіншегім маңдайы торсықтай бес ұл, үш қызды дүниеге әкелді де, дәм-тұзы таусылып бақилық болды. Артында іңгәлап шырылдаған кішкентай нәресте қыз Нұргүл қызым қалды. Кейіннен Ұлдархан есімді бір келіншекпен өміріміз жарасып бас қостым. Қызымды мәпелеп, анасынан кем қылмай қатарға қосты. Одан Қайрат атты кенже ұлым дүниеге келді. Сол балаларымнан бүгінде Аллаға шүкір немере-шөберелер сүйіп, өмірдің қызығын бірге көріп келеміз. О дүниеде «Көршіңмен тату тұрдың ба?» деген сауал алдыңнан шығады екен. Бұрынғы, кейінгі көршілермен, ағайын-туыстармен, көз көрген замандастармен тек сыйластықта өттім.
Ендігі шақта балаларыма біз көрген қиындықты көрмеңдер, ағайынмен, көршілермен, дос-жарандарыңмен тату болыңдар деп үнемі айтып отырамын. Солай болғандарын да қалаймын.
Сатыбалды Дүйсенбеков,
Еңбек ардагері