«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін»
деген ұран басты қағидамыз еді,-дейді қарт ана.
Сіздермен ой бөлісе отырып, еңбек ардагері, жүз жастағы қарт анам Қалаубаева Дүйсеттің өміржолы туралы жазсам деп отырмын. Біздің анамыз өзінің айтуы бойынша 1919 жылы дүниеге келген екен. Ал құжаты бойынша 1920 жылы туылған. Анамыздың өз айтуынша жас шағында бала болып ойнап күлердей қызықты өмірі болмаған. Анам Дүйсет: -Ол заманда барлығында сондай болды, қиын қыстау кездер едідеп, еске алады- дейді Таукент кентінде тұратын қызы Әсем.
Дүйсет ананың әңгімелеуінше ол кезде 4 колхоз болған екен, соның Қуйбышов колхозында балалық шағы өткен. 1932 жылғы ашаршылықтыда көргенбіз. Тойып тамақ ішіп, бала болып ойнағанды білмедік. Шешелерімізге көмектесіп мақта теретінбіз, шөп жинайтынбыз.
Содан соң 1941 жылы соғыс басталды. Соғысқа ер азаматтарды алып кетті. Ауылда соғысқа жарамағанымен еңбекке жарайтын бірлі-жарым ер кісілер, балалар мен қатын-қалаштар қалды. Сол кездерде қыз-келіншектерді пәуеске келіп Шолаққорғанға апарып оқытып, соғысқа дайындық жасап, мылтық атуды, оқтан қалай қорғануды және окоп қазуды үйретті. Куйбышов колхозының Ақназар ауылына барып мақта егіп, оның шөбін шауып, суарып, күзге қарай жинаймыз. Азанда кетіп кешке келеміз. Күзге қарай егіндерді жинап болған соң оны оншақты қыз келіншек жиналып бидайды азық-түлік есебінде және қойдың жүнін апаларымыз ұршықпен иіріп жіп етіп носки, қолғап, жемпір тоқып оларды есекке артып алып тау бөктерлеп жолай Жыныс елді мекеніне келіп әйтеуір құдайы қонақпыз дегенге есігін ашқан бір үйге түсіп бір күн қонып, сонан соң ертесіне тағы да тауды бөктерлеп Ашысайға барып елден жиып барған заттарымызды майдандағы ер адамдарға көмек ретінде жүк таситын тепловоз вагондарына өткізіп елге қайтатынбыз.
1942-1943 жылдары соғысқа қыз-келіншектерді алып кетуге пәуеске келді. Содан менің шешем Басбұлақ ауылында тұратын. Нағашым Тұржан атамның үйіне бір түнде апарып тастады. Нағашымның үйінде тұрып жатып сол ауылдың Ыбырайым деген азаматына тұрмысқа шықтым. Содан азаматымыз екеуміз бірлесіп колхозда түрлі жұмыстар істеп жүріп үй болдық. Келер жылы көктемде бірінші баламыз дүниеге келді. Сол кезде жолдасым баласының есімін ісіміз алға бассын деп Оңалбек деп қойды. Одан кейін қызым Зөрекүл, Зәуре, Әсем, Лесбек дүниеге келді.
Біз бір әуліде ағайынды алты үй тұрып жаттық.Балаларымызды ата-әжелерімізге тастап таң ата жұмысқа кетіп, шөп орып, оны жинап арбаға артып Топтамға апарып өткізіп, кеш бата үйге қайтатынбыз. Кеш болса да келісімен балаларымызды тамақтандырып, барлығын жатқызып, түнімен жүгеріні диірменге тартып, көже істеп, кірлерімізді жуып шайып бірақ жататынбыз.
1950-1951 жылдары совхоз болып құрылды. Отағасы екеуміз екі ұл, үш қызбаланы тәрбиелеп өсірдік. Совхоз құрылған жылдары мал бақтық, сақпанға барып көмекші болдық, күзде қой қырқымға барып азпазшы болып істедім. Басбұлақ ауылында үлкен қойма болатын сол қоймада жолдасым қарауыл болып жұмыс істеді.
Содан жолдасым Ыбырайым екеуміз Қозмолдақ ауылындағы бос жатқан жерге түрлі жеміс көшеттерін отырғызып үлкен бауға айналдырдық. Топтамнан да алма көшеттерін отырғызып, оны да суғарып баптап күтім жасағасын үлкен бау болды. Қазіргі таңда ауыл адамдары жемісін жеп отыр.
Міне, бүгінде Алланың берген бес ұл-қызын тәрбиелеп өсірдік. Әрқайсысының өз өмірлері бар. Құдайға мың да бір шүкір деймін. Екі қызымның өмірден ерте кеткеніне өкінішім болмаса, қалған үшеуіне Алла өмір берсін деймін. Қазіргі таңда бес баламнан отыз немере, алпыс жеті шөбере, жеті шөпшек көріп отырмын. Аллаға мыңда бір шүкір деймін,-дейді жүз жастағы қарт ана. Расында бұл кісі тылда қажырлы еңбек етті. Сол қажырлы еңбектерінің куәгері ретінде кеудесінде сыңғырлаған «Еңбек ардагері», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», ІІ-дәрежелі «Ана даңқы» медалдары қазақ әйелдерінің рухты бейнесінің куәсі бола алады. Ұлы Отан соғысының азапты күндері мен түндерін көрген апаға әруақытта көрер қуанышы көп бола берсін демекпін.
Оразхан Кәдірханұлы,
Қозмолдақ ауылы