Кешелі бері оқып қуанып жатырмын. Біздің ауылдан шыққан, сол Созақ ауданына одан әрі Оңтүстік өңіріне танымал, абыройлы, беделді болған азаматтардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Берістемов Махмұт көкеміз жайлы жағымды әңгіме ауылды, көкемізді еске түсіріп отыр. Жақсының жақсылығын айт мерейі тасысын дегендей, жарықтық көкеміз туралы роман кітап жазса да артық болмайды, мен білетін Махмұт көкеміздің жақсы қасиеттері көп, Сызған совхозының рабочкомы болып ұзақ жылдар қызмет етті, сол ауылдың өсіп өркендеуіне, сол Қозмолдақ ауылының жақсысын асырып, жаманын жасырып, тентегін түзеп ешқашан дауға бермейтін. Сырттан ауылымызға қызметке келіп, үйренісе бастағаннан кейін ірілік көрсетпекші болып қоқаңдайтын бастықсымақтарға басумен ақылын айтатын, сабырға шақыратын. Ешкімді есіртпейтін, ауылға нағыз жанашыр адам болған, осы қасиеттері үшін де көкемізді бүткіл ауыл, одан әрі білетіннің барлығы тік тұрып құрметтейтін.
Берген – үндемесін, Алған – айтсын деп,-М.Сервантес айтқандай, бірде Семейдің облыстық филармониясы ауылға концерт қойып келді. Жетекшісімен танысып, аппаратурасы жақсы екен, адресін алдым, менде ауылда ВИА жетекшісімін. Свердловскіден шыққан СКО-100, УХЛ-4 деген аппаратура соны алдырайық деп кабинетіне Пірман аға екеуміз (завхоз) кірдік. Сондағы айтқаны, «барлық айтқандарыңды істеткізем, ауылымыздың атын тек жақсы жағынан шығарсаңдар болды» деген еді. Бұл кісілер ауылдың, ағайынның қамын ойлайтын нағыз жанашырлар еді. 1998 жылы 20 жылдық кездесуге барғанымда алдымен қайтыс болған кластастарға құран оқытып ас бердік, Махмұт көке бастаған 20 шақты қария төрде отырды, басты қолына алып, «Қаршыға қайда? Келші маған!» деп шақырды, сосын бастың құлағын беріп тұрып, «біздің сенеріміз сендерсіңдер, ауыл сендердікі енді ауылға қызмет ету сендердің кезектерің!» деп, батасын берген еді. Көкеміздің сөзі салмақты, көзі ойлы, әр сөзін ойланып сөйлейтін биік, келбетті кісі еді. Көкеміздің жолдасы Әдиша апамызда керемет көріктікісі болды, бір-біріне сай жандар еді. Жатқан жерлері жайлы болсын!
Осындай жақсы көкелеріміз бен үлкен кәриялардың берген ақылдары мен тәрбиенің арқасында кішкене ғана ауылдан профессорлар, академиктер Т.Байтелиев, М.Мұқанбеков, вице министр Р.Берістемов, бірнеше ғылым кандидаттары, зауыт, мекеме басшылары және бірнеше жоғарғы қызметтегі ұлдар мен қыздар шықты, солардың бәрінің сондай дәрежелерге жетуіне осы кісілердің сіңірген тәрбиелік үлестері бар. Ауыл туралы жаза берсем әңгіме көп, осы жерден тоқтатайын.
Биыл Махмұт көкемнің туылғанына 100 жыл болады екен қуаныштымын, жақсы адамдардың ісі жалғаса береді демекшімін және «атасын құрметтеп тұрған баланың тілеген тілегі қабыл болады», — демекші, көкемізді құрметтеп тілек білдірген барша үлкен – кішіге алғысымды білдіремін.
Қаршыға Қамбарбеков, Нұр-Сұлтан қаласы.