«Аман сау көрсем елімді, қалмас еді іште арманым»

 Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр жауынгер, өр рухты сарбаз, ақын жүректі азамат Ибаділда Дүтбайұлы 1910 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, (қазіргі Қаратау ауылы) Бақырлы ауылында туылған. Әкесі Дүтбай 1927 жылы байларды кәмпескелеген кезде барлық малынан айырылады. Отбасымен Өзбекстанның Қоқан, Әндіжан қалалары маңында және Қырғызстанның Ош қаласында көшіп қонып жүріп, 1930 жылы көктемде Жалалабад арқылы  шекарадан Ауғанстанға өтіп кетуге әрекет жасайды. Бірақ шекара әскерлерінің қайтаруымен Ташкент облысының «Алексеевка» деген пойыз жол бекетіне келеді. Олар «Бірлік ұйымы» деген жүк таситын артельге ұйымдасады. Ол жақтан көшіп 1930 жылы күзде Мақтарал ауданына қарасты «Алғабас» колхозына келіп мүшелікке кіреді. Кейін күзде бұл колхоз «Еркинабад» колхозы деп аталды. 1942 жылы маусым айында Ибаділда әскер қатарына алынады. Бұл кезде ата-анасы Келес ауданының «Жамбыл» колхозында тұратын.
Хатты ата—анасына, балаларына арнап жазатын. Армиядан 1944 жылы қазан айында елге оралып 1945 жылы қаңтар айынан Келес ауданындағы «Жаңақоныс» колхозына бас бухгалтер болып істеп жүріп, 1952 жылы соғыс салған зардаптан қайтыс болады. Келес, Мақтарал жақтағы көптеген ағайындарды қаратаулық абыз ақсақал Әбдімәлік Төлепбергенов кейін өзі бас болып елге біржолата көшіріп әкеледі.

Жауынгер Ибаділда Дүтбайұлының соғыс жылдары қақаған қыс айында окопта, жертөледе отырып елге, туған жерге, ата-анасына деген сағынышпен жазған өлеңдерін оқырман қауымның назарына ұсынамыз. Бұл қолжазбаларды жауынгер Ибаділда Дүтбайұлының немересі Айша Пернебекқызы Дүтбаева менің қолыма аманаттап тапсырған еді.«Аман сау көрсем елімді, қалмас еді іште арманым» 1

Жауынгер жазған хаттардан

 

Майданда сарбаз пенде жүр,

Пәруана болып пайғамбар.

Үмбеттің жесін бар қамын,

Өз пайдаң болар соңында.

Алланың істе парманын,

Ата-анам құлақ сал,

Сөзіме балаң-аңғалың.

Аман сау көрсем елімді,

Қалмас ед іште арманым.

Пернебек, Ділдам сағындым,

Күш қуатым дәрменім.

Екеуің бақ жәкемді,

Жәрдемімен Алланың.

Іліп шықсын дегендей,

Дариға салған қармағым.

Елден тұз-дәм бұйырса,

Тоқтаусыз болар бармағым.

Уақытша бізді айырған,

Оқасы жоқ қой жалғанның.

Алты күн жүріп біз келдік,

Сап құрған тап-жиынға.

Ескіше Самар дейді екен,

Кез болдық үлкен ұйымға.

Киіндірді жаңадан,

Қарамалы ешкім бұйымға.

Бір бірден берді каталөк,

Ас-су ішіп құюға.

Бұйрық берді бір уақта,

«Ұмтылыңдар алға деп,

Жаңа келген қазақтар.

Біріңнен бірің қалма,-деп.

Секіріп шықтық окоптан,

Мұны көріп дұшпандар.

Оқ жаудырды жолға көп.

Бірнеше жауды сол кезде,

Қамап бір алдық жарға кеп.

Көкесін жаудың таныттық.

«Көзіңді аш, қарға»,-деп,

Достарды талай жоғалттым.

Тап болған неміс оғына,

Жаралы жатып оқ аттым,

Дұшпанның қалың тобына,

Окопта үшбу хат жаздым,

Ата-ана ел-жұрт туғанға,

Қалам бір алып қолыма,

Сәлем жаздым әуелі.

Ата менен анама,

Құлақ салып тыңдаңыз,

Мұңлық болған балаңа.

Сәскеде маған оқ тиіп,

Күні-түні жаттым далада.

Әуеден оқ жауып тұр,

Түріне қарап бола ма?

Жараны кліп байлайтын,

Қашық боп кетті жорада.

Қол жетпейді аяққа

Дәкемен байлап орауға.

ІІ

Айдалада бір кезде,

Айырылыппын есімнен.

Көзімді ашсам жұрт өзге.

Тыр жалаңаш шешінгем.

Жарама нараз мен салсам,

Майдаланған сүйектер.

Тазаланып кесілген,

Сөйткенше келді машина,

Көтеріп салды төсімнен.

Жолға түсіп жөнелдік,

Сексен кісі жүктеліп.

Күші біткен жігіттер,

Өліп жатыр бүктеліп.

Бір-біріне қарау жоқ,

Шоферлер кетті жіктеліп.

Екі күн тынбай жол жүріп,

Пойызға міндік іріктеліп,

Алты күн жүріп біз келдік.

Татарстан Қазанға,

Бөліп-бөліп жіберді,

Әпр тарапқа азанда.

Күтіп алды госпиталь,

Моншаға түс сырқат деп,

Төсекке жат тазарда.

Сонан бірі қарап тұр,

Жараны емдеп жазар да.

Құдайға шүкір жақсымын,

Сабыр берсе ажалға.

Іш пысқан соң зерігіп,

Аз ғана өлең ойландым,

Қалам бір алып жазарға.

Аздап аяқ ақсайды.

Сүйектің орны қақсайды.

Ден сау болса бұл кесел,

Бірер айда тоқтайды.

 

ІІІ

Жатырмын жырақ Қазанда,

Қаратып ауыр жарамды.

Қайғыланып мен алдым,

Қолыма сия қаламды.

Сарғайдым жүріп майданда,

Сағынып ата-анамды.

Қылығы түсіп есіме,

Пернебек, Ділдам баламды.

Көппен көрген қан майдан,

Болып та алдық табанды.

Сіздерге сәлем ағайын,

Мен айтайын сіздерге,

Тағдырдың көрген талайын,

Қызыл әскер күнімен,

Құттықтап елді қалайын.

Орталығы Украйнаның,

Тазаладық дұшпаннан.

Беларуссия таң атты,

Жақында жау құшқан қан,

Тәубасына келтіріп,

Тобығынан қағайын.

Миллион жауды өлтіріп,

Тұтқынға алдық талайын.

Басшы болған партия,

Жеңбей қоймас дұшпанды.

Көреді ертең жат ұя.

Көкке күлі ұшқанда.

«Жұлдыз» журналы. 2010 жыл. Мамыр.

Ибаділда Дүтбайұлының соғыста жүріп елге, ата-анасы мен колхоз коллективтеріне арнап жазған өлең хаты:

 

Қолға алдым хат жазуға қағаз қалам,

Күзелді соғыс болып барша ғалам.

Қу неміс Батыс жақта жау боп тиіп.

Отанды қорғау үшін мен де барам.

 

Жау тиді Батыс жақтан дегенен соң,

Қай күні бізді алад деп болдық алаң.

Июннің жиырма алтысы әскерге алып,

Батысқа сапар шегіп кетіп барам.

 

Барамыз сапар шегіп біз Батысқа,

Ат арба машинамен жер алыс па?

Сол күні Сырдарияға келіп жеттік,

Аға –іні, қош айтысып қарындасқа.

Барады біреу жылап біреу күліп,

Қайғымен қайсы біреу боп жүр мас та.

 

Ата-ана қалып жатыр баласынан,

Көзінің ағы менен қарасынан.

Көп кетті мен сияқты жалғыз ұлдар,

Кейбіреулер айырылды баласынан.

 

Біреудің кетіп жатыр бауырлары,

Жалғызы, кейбіреудің тәуірлері.

Аға-іні, қатын, бала артта қалып,

Кей жанның  іште барад қайғы-зары.

 

Шығарып сейсенбі күн жолға салды,

Ата-ана туғандарың ол да қалды.

Жол жүріп жалғыз сағат машинамен,

Зырқырап Ташкентке алып барды.

 

Біз кидік әскери киім қызыл жаға,

Кіші іні, артта қалды үлкен аға.

Ел-жұртты артта қалған біз ұмытып,

Барамыз басып кетіп айт-дваға.

 

Біз міндік стансадан қызыл вагон,

Тізілген алды арты ұзын вагон.

Айтады эшелон деп оның өзін,

Бір жолға қойса тізіп жүзін вагон.

 

Вагонға көп тізілген алдық мініп,

Барамыз көп бозбала ойнап күліп.

Түркістан қаласына келіп жеттік,

Сөткеде екі жарым жолда жүріп.

 

Жол жүрдік және сөтке Қызылорда,

Келгенде Қазалыға атты таңда.

Ақтөбе Шалқарменен болып өтіп,

Дария Арал теңіз келдік Донға.

 

Жатырмыз жауды тосып сол арада,

Біздердей қару берген балаларға.

Қаланы самолет көп бомбалап жүр,

Көз түсер мойын бұрып қарағанда.

 

Бомбаға жарылғанда түседі көз,

Өлең қып майдан жақтан айтайын сөз.

Кеп қалса сұмырай неміс соғысатын,

Жаңадан қаруланған жауынгерміз.

 

Бір күні кешке  жақын келді бұйрық,

Хабарша келіп жетті зыр жүгіріп.

Жау келді терістікте елу шақырым,

Қалаға Ржев деген келді кіріп.

 

Біздерге берді бұйрық кешке жақын,

«Әскерлер даярла! деп мінген атын»

Хабаршы осыны айтып кетті қайтып,

Дайын бол жүреміз деп қалма қалып.

 

Кеш  кіріп күннің көзі кетті батып,

Күн суық жердің беті қалған қатып.

Жол жүріп түніменен дамыл алмай,

Кетті ғой әжептеуір таң да атып.

 

Ауқатты азанымен ішіп алып,

Неміске араластық оққа батып.

Осындай ақырзаман қан соғыста,

Өлтірдім көп дұшпанды жалғыз жатып.

 

Пулемет пытырлады атқан сайын,

Оқ шығар зеңбертен басқан сайын.

Жауменен соғысуға күні-түні,

Біз емес қорқатұғын жеп уайым.

 

Қаруды ата бердік қатыр-күтір,

Өлгені немістердің толып жатыр.

Немісті қаптап келген қырып салып,

Туғыздық сұмырайға заман ақыр.

 

Аспанға оқ шығады минометтен,

Жерде оқ бажылдайды пулеметтен.

Ал артқа шығып жатыр жараланған,

Дәл тиген өліп жатыр қақ жүректен.

 

Кірістік қол алысып қан соғысқа,

Оқ ату қаруменен болдық ұста.

Шімрікпестен екі бетің өлтіруге,

Ет жүрек қауіптенбес атқан оққа.

 

Кейбіреу басын жатыр жерге соғып,

Жауынгер соғыста жүр салып аттан.

Кейбіреу жаралы боп кеткен кейін,

Кейбіреу айырылыпты қол- аяқтан.

 

Қарасаң денең шошыр өлген жанға,

Болғанда үш күн, үш түн атты таңда,

Несіне бәрін дағы айта берем,

Көп боздақ өліп кетті қан майданда.

 

Немістер жүре алмады алға басып,

Сұмырай жау келе жатыр асып-сасып,

Қырылып сұмырай жау өліп жатыр,

Келтірген ажал айдап, қаны тасып.

 

Соғысып аман шықтым ноябрьде,

Мырзалы аман шықты бізбен бірге.

Қар жауып, күн суытып келе жатыр,

Немістің халі қашты күннен күнге.

 

Ноябрь біз өткіздік қуғын салып,

Қойыпты талай жерді неміс алып.

Барады алға басып Қызыл әскер,

Неміске кеткен жерді қайтып алып.

 

Біз қудық сұм жауызды күніменен,

Демалып тынбай қудық түніменен

«Бас алға! Құрт жауызды жер бетінен!

-деп айтқан Сталиннің үніменен.

 

Мен жатып өлең қылдым көрген істі,

Үлкенге  біз жорыттық көрген түсті.

Жауыздан көп қаланы біз босаттық,

Бұйрығы Сталиннің берген күшті.

Ибаділда Дүтбайұлы

Калинин майданы

1942 жыл декабрь.

-Әкем Ибаділда Дүтбайұлының жазған өлеңдерінің көпшілігі әркімдердің қолында кетті. Сол кездерде 14 жасқа келген мен қолыма түскен,  жаттап алған өлеңдерімді қағазға түсіріп қойған едім. Бір өлеңді Жеңістің жыл сайынғы аталып өтетін мерекесі қарсаңында «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» газет-журналдарына бір-екі реттен жолдадым. Бірақ олар баспа бетінде басылмады. Редакциялардан нақты жауап та келген жоқ. Өлеңде «Алла», «Құдай», Тәңір» «Сталин» деген сөздер болған соң атеист қызметкердің қолына түсіп тұншығып қалған шығар деп ойладым. Өз архивімде сақтап келдім. Енді заман өзгерді, шындық айтыла бастады. Ер еңбегі жинақтала бастаған осы шақта «Жеңістің 50 жылдығы» қарсаңында соғысқа қатысып қанын төккен азаматтардың өлеңдері мен естеліктерін халыққа таныстыратын уақыт та болар деген мақсатпен қағазға түсіріп отырамын-депті өз естелігінде артында қалған тұяғы,  ұлы Пернебек қария.

Дүтбаев Пернебек Ибаділдаұлы көп жылдар бойы комсомол, партия, совет, кәсіподақ комитеттерінде істеп, 1993 жылы ақпан айында зейнеткерлікке шықты.

-Өзіме сонау 40 жылдардан бастап осы кезге дейінгі оқыған қызметтес болған адамдар жөнінде «Адамдар мен амалдар» деген тақырыппен естелік жазып бітірдім. Оның қазіргі заман жастарына берер тәрбиелік мәні бар деп білемін. Мүмкіндігі болса осы материалды пайдалануларыңызды сұранамын,-деп ішкі жан сарайын ақтарған  Пернебек қарияның әке рухына арнаған өлеңін қоса жариялап отырмыз.

 

Әке жүрген жолменен

 

Әне бір жыл қырық екі сұрапыл жыл еді ол,

Талай жанды қан майданға жеткізіп еді осы жол.

Ол кездерде қызыл вагон әр станция көп халық,

Кетіп еді әкем менің осы жолмен аттанып.

 

Түсі суық вокзалдардың жарығы да жоқ еді,

Қараңғы түн тым үрейлі, түпсіз тұңғиық боп еді.

Батыс жақта найзағай мен оқтар қызыл жол сызып,

Жас жанымды көңілсіздік кетіп еді тым бұзып.

 

Енді міне жиырма төрт жыл өткен соң бұл жолмен,

Келемін мен көмкерілген хош иісті гүлдермен.

Әр станция сап түзеумен пионерлер қатары,

Сәтті сапар тілеп бізге армандарын айтады.

 

Музыка ойнап жастық маршы шырқалып ән сан түрлі,

Москваға ала бар деп еңбектегі тартуды.

Ұлы дүбір, Ұлы Жеңіс біздерге ақ таң әкелген,

Келемін мен шаттық кернеп гүл төселген көшемен.

 

Пернебек Ибаділдаұлы.1966 жыл.

«Жақсының аты, ақынның хаты өлмейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Жоғарыда жауынгер бабамыз Ибаділда Дүтбайұлының жазған өлеңдерінің алдына 73 жыл, кейінгі баласы Пернебек қарияның жазған өлеңдеріне 54 жыл уақыт өтіпті. Алайда тасқа басылған дүние мәңгілікке ұрпаққа аман болып қаларын әйгілегендей жылдардан жылдарға өткен тарихымызды жаңғырта түсуде. Осы дүниелерді аман сақтап біздің қолымызға жеткізген асыл азаматтардың ардақты ұрпақтарына мың алғыс!

 

Қолжазбаны өңдеп, баспаға әзірлеген:

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...