Сөзстаны Созақтың- үнжариям ғажап тым.

Үстіміздегі жылғы наурыз айының бас кезінде сырлас іні-дос, аудандық басылымның басшысы Сәрсенбекке сәлем бере барып, әңгіме-дүкен құруды сәті түскен-ді. Сөздің бір орайында Сәрсенбек інім:

-Аға, өзіңіздің де хабарыңыз бар шығар, газетіміздің биыл 90 жылдығы. Бұйыртса алдағы күз айларының бірінде атап өтетін болармыз. Саған әрі әріптес ретінде өзіңізден материал күтеміз-деді.

Уәде беруін берсек те, ойланып қалдық. Уақыт көші неткен жүйрік еді, шіркін! Бәрі де күні кеше сияқты болатын. Сол бір шуақты күндер оқиғасының қайсы бірін айтып тауысарсың?

…Жетпіс төртінші жылдың қоңыр күзінде сол кездегі аудандық «Молшылық үшін» газетінің редакциясына қызметке келдім. Тәуекел Бектаев ағамыз басылымның редакторы екен. Шағын ғана ұжым мүшелерін кабинетіне жиып, олармен таныстырып, еңбегіме сәттілік тіледі.

Күндіз редакцияда болып, тілшілер хаттарын қорытып, газетке мақала жазып, жергілікті радио-хабарын дайындап, кешке оны аудандық байланыс-торабындағы шағын студиядан оқимын. Алғашқы дайындалған мәтінге аудандық партия комитетінің сол кездегі саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, кейіннен газет редакторы тексеріп шығып, қол қоятын. Қазір ойлап отырсам, ол «саяси қате кетіп қалмасын» деген сақтықтан туған шара болса керек.

Ол кезде газеттің тоқсандық жоспарын аудандық партия комитетінің бюросында бекітетін дәстүр бар-ды. Уақыт болса да тығыз. Кезінде аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеген Тәкеңнің оперативтілігі осы сәтте анық байқалатын. Бөлімдерден түскен жоспардың негізінде бюроға ұсынылатын материал әр сәтте дайын болатын. Әсіресе, бас мақалалар мен күрделі материалдарды жоспарлағанда пайымдылығы мен зерделігін аңғаратынбыз. Қат-қабат жүргізіліп жататын науқандық жұмыстарды жан-жақты көрсетудегі газеттің қызметін тамыршыдай тап басатын. Партия тұрмысы, совет құрылысы, кәсіподақ, комсомол  өмірі, қойшы, қайсы бір сала болмасын жазуға келгенде қаламы жоғары-тын.

Болса да әр газеттің нөмірі ол уақытта бас мақаласыз шықпайды. Тәкең айына 2-3 бас мақалын жазып тастап, басқа да жоспарланған күрделі материалдарды дайындауға атсалысып, күнделікті болып жататын үлкенді-кішілі жиналыстарға қатысуға да уақыт таба білетін. Жазған материалдарының барлығына дерлік бүркеншік атын (псевдоним) қоятын. Бұл да болса асыл ағаның сыпайылығы, әдептілігі, қарапайымдылығы болар деп ойлаймын.

Бір сөзбен айтқанда, марқұм Тәуекел Бектаев ағамызда кезінде аудан журналистерінің көш басында болған жан. Тура жолдан тайып көрмеген Тәкен баспасөз саласында ширек ғасырдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етті. Осынау бір тынымсыз да абыройлы мамандықтың ащысы мен тұщысын бір кісідей-ақ татты. Редакциядан зейнеткерлікке шығып, еткен еңбегінің жемісін көрді, үнемі қаламдас інілеріне сырттай тілеулес болып жүруші еді.

Айтпақшы ағаның өмірлік құдай қосқан адал жары жаның жәннатта болғыр Манат жеңгеміз де осы шығармашылық ұжымда хатшы-мәшіңкеші болып еңбек етуші еді. Марқұм ақкөңіл, қолы ашық, кісіге қайырымы мол, өзгеше бір жаратылған жан болатын. Үлкенімін деп бәлсінбей, алдында қанша  қолжазбамен жазылған материалымыз болса да олардың бәрін мәшеңкеге басып болмай орнынан тапжылмайтын. Кейде анау-мынау майда шаруаларымыз шыға қалса, он бастыққа жеткізбей, өзі-ақ «бітіре» салатын. Қазақта «Екі жақсы қосылса…» деп осындайларды айтқан болса керек, сірә? Ескі көз әріптестерім білетіндей, ол уақытта материалдар қолмен терілетін. Линотин машинасымен терілген қорғасын жолдардан макет бойынша бет жасалып, мақаллардың бас тақырыптары қолмен теріледі, суреттер темір клишелерге түсіріледі. Қысқасы, Анажан Ибадуллақызы(Иванова) Бибіжан, Сахан, Мәрияш т.б осы секілді баспахана қызметкерлерінің түнің бір уағына дейін созылған ауыр қол еңбегінің нәтижесінде газет ертесіне оқырмандарының қолдарна уақтылы тиетін.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, уақыт-керуен, жүрдек уақыт зымырап өтіп жатыр. Замана доңғалағы алға жылжуда. Кешегі атқарған игілікті істерің кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып, тарих қойнауына еніп барады. «Келіннің бетін кім ашса-сол ыстық» дегендей, алғашқы еңбек жолым басталған шығармашылық ұжымға да биыл 90 жыл толғалы отыр. Сондықтан кезінде бірге қызмет атқарған әріптестер туралы айтудың бүгін реті келіп тұрған сияқты. Олай болса, әңгімеміздің әлхиссасын «басылым қара нары» атанған Есағаң, Ескер аға Жақановтан бастағым келіп отыр. Ол кезде Есаға редактордың орынбасары болатын. Еңбек жолын аудандық баспаханада газет басушыдан бастаған ол, кейіннен әртүрлі тақырыптарға қалам тарта білуінің арқасында, редакцияға қызметке алынып, барлық қызмет салаларынан өтті. Мұның алдында жауапты хатшы, кейіннен редактор болды. Аудандық партия комитетінде партиялық бақылау комиссиясын басқарды. Зейнеткерлікке сол кездегі Калинин атындағы совхоз жұмысшылары кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымын атқарып, абыройымен шықты.
Қашан көрсең де сабырлы, қарапайым қалпынан бір аумайтын аға ұжымға да жайлы, сыйлы басшы бола білді. Өзі сонау Жеткіншек елді мекенінде тұрса да жұмысқа бәрімізден бұрын келіп, кеш қайтатын.

Әріптес аға-дос Қасекең, Қасымжан Өмірұлы ақын әрі қаламы ұшқыр журналист ретінде көпке танымал тұлға. Қасаға ол уақытта жауапты хатшы, «қылышынан қан тамып тұрған кез» Өйткені жауапты хатшы редакцияға «өзі би өзі қожа» дейтіннің нақ өзі. Жазылған материалдарды суретімен қоса газетке орналастыратын да, қаламақы (ганарар) қоятын да сол. Ендеше, оған басқалардың күні түспегенде қайтсін? Ондайда бәріміз болып  оны мақтаймыз келіп. Жаратылысынан ақкөңіл, қолы ашық Қасекең «Әй қулар-ай,-деп біздің ойымызды тез түсіне қоятын. Сосын қарқылдай күледі келіп.

Қасекең университетте менен екі курс жоғары оқыды. Өз тобының старостасы болатын. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Сол кездегі республикалық «Лениншіл жас» (қазірі «Жас Алаш») газетіне жазған материалдары жиі шығып тұратын. Спорт кешеніндегі штангашылар секциясына тұрақты қатысатын. Жерлес ретінде жатақханадағы бөлмесіне барып, болашақ жары Мағира жеңгеміздің дәмді шайын ішіп тұратын едік. Иә, несін айтсың ол да бір  студенттік қызықты шақтар еді-ау.

Марқұм Бәйтбек Есжанов ағаның есімі де қаламгер ретінде оқырман қауымға жақсы таныс болса керек. Байекең кезінде газеттің ауылшаруашылығы бөлімін басқарды. Бар болғаны орта ғана білімі бар, ешқандай оқу орнын тауыспаған сол ағамыз нағыз тума талант болатын. Қаламы ұшқыр жан «Беломорканал» папиросын анда-санда бір сорып қойып, бурыл тарта бастаған шашын артқа қарай сілкіп тастап, газеттің тұтасы бетіне лезде толтырып тастайтын. Сосын күлімсірей қойып, әңгіме тиегін ағытатын. Үйі редакциядан таяқ тастам жерде болатын. Көбіне үлкендігін білдіріп, бізді де ас-суынан қалдырмайтын. Байекең сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне жариялаған бәйгеге қатысып, жүлде алғанын оның көзін көрген біз білеміз. Жазуы маржандай тізілген ағаның материалы мәшіңкеге басылмай-ақ бірден баспаханаға линотиппен теруге жіберілетін.

«Тілінің тікенегі бар» дейтін Жүніс Керімбаев (Кейіннен тегі Қоқышев болды)та кезінде сол ауыл шаруашылығы бөлімінде істеді. Сыпайы, мәдениетті жігіт еді. Әзіл-оспаққа бейім жан-ды. Кейін Алматы облысына қоныс аударды. Әлі күнге дейін «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде шымшыма өлеңдері жиі жарияланып тұрады.

Мамандығы агроном, өзі менімен түйдей құрдас Ерубай Дуанаев деген көркем мінез, биязы жігіт коммунист ретінде аудандық партия комитетінің ұйғарымымен редакцияға қызметке тұрып, жергілікті радиохабарын ұйымдастырушы тілші болып істеді. Зейінділігінің арқасында аз ғана уақытта газет жұмысына төселіп кетті. Радиохабарын да жүргізді, газетке мақала жазды.

Әзілге де ұста Ерубай құрдасым: «Редакцияда екі пенсионер бар, бірі 52-де, екіншісі 52-жылғы деп қалжыңдайтын. Оған бәріміз мәз болып күлетінбіз.

«Мұртты қара бала» атанған Елеусіз Мұрат бауырымыз кейіннен Алматы асып, заң тақырыбына жетік журналист ретінде танылып газет-журналдарда жемісті еңбек етті. Зейнет жасына жетсе де қолынан қаламын тастаған жоқ.

Қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын әріптес інім, талантты журналист, белгілі жазушы Өтеш Қырғызбаев та өзінің алғашқы қадамын аудандық газеттен бастаған болатын. Көп жыл Созақ теледидарын басқарды. Алғашқы прозалық жинағы «Адыраспаннан» бастап өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген Өтеш бауырым «Алматы ақшамы» газетінде бөлім басқарады. Созақ көтерілісі, күйші Сүгір туралы қабырғалы дүниелер жазды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иеері.

Тоқан Әшірбеков, Болат Шайманов, Асхат Омаров, Аманғали Әбуов секілді мен білетін әріптестерім де осы қарашаңырақтан қатайып ұшқан қаламгерлер. Тоқан мен Асхат бауырларым өкінішке орай, о дүниелік болып кетті. Марқұмдардың пейіште нұры шалқысын.

Біз білетін бір ақиқат бар. Ол—газет өзінен-өзі толыса кетпейді. Оны біз жоғарыда аттарын атап өткен және айтылмай қалған қаламы жүйрік журналистер құнарландырады.

Осы жазбада аталған ағаларымызбен замандас, інілеріміздің бәрі-бәрісі аудандық басылымды мықты газетке айналдыру жолында хал-қадерінше еңбек сіңірді. Кейінгі шәкірттер тобы ағалар аманаты тәуір-ақ атқарып келеді. қазіргі таңда Сәрсенбек Теңізбаев секілді қажырлы да іскер азаматтың жетекшілігіндегі шығармашылық ұжым аудандық газеттің желкенін одан әрі желбірете түсуде. Иә, тоқсан белесті атқа қалдырған «Созақ үні» газеті тамыры тереңнен бастау алады. Ғасырға жуық жасаған басылымнан аудан тарихын айқын көруге болады. Ашаршылық, зұлмат, соғыс, тәуелсіздік белестері сияқты  шежірелі жылдар кезеңінен айналып өтпеген. Осылайша Теріскейдің сөз ұстар қарашаңырағы ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етіп келе жатыр. Мен өзімнің алғашқы еңбек жолымда ерекше із қалдырған аудандық газетте қаламымды ұштап, саясат сахнасындағы қадамымды да осы басылым қабырғасында бастағанымды мақтан тұтамын. Редакцияның мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек еткен жылдар мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Жас журналистердің ұстаханасына айналған ұжымда бұл үрдіс берік қалыптасқан.

Тоқсанның төріне шыққан Созағымның бас басылымы ел газетіне айналып, рух музартына үн қата бергей деген тілек қана бар көңілде.

Иә, айтса айтқандай, сөзстаны Созақтың, үнжариясы ғажап тым!

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

ардагер журналист.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...