ОРНЫҚТЫ ОРНЫ, ОРЫНДЫ ОЙЫ БАР АЗАМАТ

Бір ұжымда он адам қызмет етіп жүрсе, онының мінезі он түрлі. Данияр редакцияға қызметке бері де келді. Бірақ бұрыннан осы аудандық басылымда жұмыс атқаратын қызметкер сияқты көрінетін. Сөйтсем 7-8 клас оқып жүргенде редакцияның шаңын сүртіп, ауасымен тыныстап, бізден бұрынғы аға буынның қолына су құйып үлгерген азамат екен. Данияр екеуміздің бөлелігіміз де бар. Бір жолы мені Жартытөбе ауылындағы нағашыларына таныстыруға алып барды. Ауыл тойы болып жатырекен. Нағашылары Даниярды қаумалап тік көтеріп әкетті. Сонда байқағаным жігіттің үш жұрты бар десе, сол үш жұртты да құрметтеп, қадірін білетін, өз қадірінде оларға өткізе білетін жан екенін сездім. Бабаларының тарихын, шыққан тегін, өмір сүрген ортасын, ескі қонысын зерттеп, өз бетінше ізденіс жасап жүрді. Мені қасына серік етіп, тау-тасты бірге кезіп аралаған күндер де болды. Имандылықты бойына тәңіріміз молынан құйған екен. Оның ата-анасына, бауырларына қамқорлық танытып жүргені тағы бір төбе. Биыл жазда жағдайы төмен, отбасына қиындық түскен қатарласын қатарға қосу үшін тұрғын үйіне, отбасының ішіп-жемі, әлеуметтік тұрмыс жайына алаңдап өзгелерді тартып, қамқорлық шарасын ұйымдастырып жүргеніне өзіміз куә болдық. Бойында имандылық ұя салған адамда іштарлық, қызғаныш, өзімбілемділік деген жаман әдеттен аулақ болатынын Даниярдың жүріс-тұрысы мен мінезінен байқауға болады. «Жасы кіші болса да ақылы асса аға тұт!» деген қағида Даниярға қарап айтылғандай болады. Қолы ашық, жаны жомарт азаматтың әу бастан Алла берген қасиеті болса керек. Ұжым болған соң айлықтан айлыққа дейін илалап зорға жететін сәттер жиі болып тұрады. Қиналған кезде Даниярға барамыз «Данияр кредит кеп қалды», «Данияр анау керек еді, мынау керек еді» дейміз. Отбасылық шағын бизнесінен шамасы келсе қол көмегін ұжымнан аяған емес. Нағашыларына тартып аздаған сықпа әзілі де бар. Орайы келген тұста шымшып қалады. Әсіресе Даниярдың әзілі Бағила мен Біржанға жиі бағытталады.Сондай-ақ Даниярды психолог десең де болады. Сенің не айтайын деп отырғаныңды, көңіл-күйіңді, мазасызданып отырғаныңды бір қарағаннан байқап қояды. Және сол көзқарасқа қарай, көңіліңе қарап әрекет жасайды. Былайша әркімнің қас-қабағына қарап әрекет ету әке-шешесі жоқ, өмірдің ащы дәмін, тағдырдың ауыр соққысын көрген жетім балаларда немесе терең ізгілікті білім алған ғалым адамдарда болатын қасиет. Даниярдың құдайға шүкір ата-анасы көз алдында, сол соңғысы риясыз ілімі, рухани терең білімі, имандылық атты ұлық мектебінің жемісі болса керек. Ұжым болған соң кейде бір келіспеушілік, айтысып-тартысып қалатын жағдайлар да болып қалады. Сондай кездерде  соңғы пәтуаны Данияр айтады. Және ол уәжі баршамызға қонымды болып ұнайтыны соншалық ортақ бір шешімге ұйыстыратын кездері болады. Ол бүкпесіз шындықты айтуға тырысады. Соңғы жолы әлеуметтік желіде журналистерге, оның ішінде аудандық басылымның тілшілеріне әлдекімдер билікке қарсы, бүгінгі жүйеге қарсы неге мақала жазбайсыңдар, «биліктің құлысыңдар» дегенге саятын жазба қалдырыпты. Біразымыздың қанымыз қызғаны рас. Сонда Данияр жас та болса біразымызды сабырға шақырып, әлгі жазба иесіне әдемі жауап жазып, әлгі «жазғыштың» үнін өшіргені бар. Орынды айтылған жауапқа кім не десін? Осы тұста жалпы оқырмандарға Даниярдың өмірдерегін таныстыра кеткенді жөн санап отырмын. Беков Данияр Құлмаханбетұлы 1974 жылдың 22 қыркүйегінде Шолаққорған ауылында дүниеге келді. Әкесі Беков Құл- Ахмет Қожанұлы әскерден келген түрлі салаларда көлік жүргізушісі болып қызмет істеген. Соңғы рет, Шолаққорған мұнай айдау станциясында ширек ғасыр жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Анасы Кенішбекова Шакизат Оспанбайқызы Жартытөбе ауылындағы Құлыншақ Кемелұлы атындағы орта мектепті бітерген соң, Түркістандағы педучилищеге оқуға түскен. Екінші курста оқып жүргенде тұрмысқа шығып, оқуы аяқсыз қалған. Дегенмен, біраз уақыт бала күтімімен үйде отырған соң түрлі салада жұмыс істеген. Қазіргі таңда зейнеткер. Отбасында бір қыз, төрт ұлдың бірі. Өсіп- өнген ел-жұрт, ауылдастарына өнеге болардықтай үлгілі отбасы. Әке- шешесі барлығында оқытып, жоғары білім алуларына жайғдай жасады. Данияр Асқар Сүлейменов атындағы орта мектепті 1980- 1991 жылдары аралығында оқып, бітірді. Шымкент қаласындағы 1- ші кәсіптік техникалық училищеге оқуға түсіп, 1992 жылы «кино- видео операторы» мамандығын бітіріп шығады. Осы жылы, Түркістанда жаңа ашылған «Әзіреті Сұлтан» Қазақ- Араб тілі институтына оқуға түсіп, 1995 жылы «қазақ және араб тілі» мұғалімі деген диплом иеленеді. 1998 жылдан «Бибі- Мәриям» кесенесі жанындағы «Төлебай баба» мешітінде имамдық қызмет атқарып, ұстаздық етеді. Ал, 2001 жылы қайтадан Шымкентегі «Халықаралық Қазақ- Араб» университетіне 2 курстан сырттай бөлімге оқуға түсіп, 2005 жылы » қазақ тілі мен әдбиеті және араб тілі» пәнінің мұғалімі болады. Оқу бітірген соң  2007- 2011 жылдар аралығында төрт жылдан астам уақыт А. Сүлейменов және А. Байтұрсынов атындағы орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып ұстаздық қызмет атқарады. 2011 жылы аудандық «Созақ үні» газетінің » Руханият және дін» бөлімінің меңгерушісі болып қызметке тұрды. Отбасында әйелі Мұсаева Айгүл Тұрсынәліқызы екеуі екі ұл, бес қыз тәрбиелеп отыр. Өткен жылы келін түсіріп ата-әже атанды.

Аядай ғана бөлмеде бесеуміз отырамыз. Көңіл сиса бәрі де болады демекші, Данияр жасы үлкен біздерді зор құрметтей біледі. Бір жолы күзге салым әдемі құндыз бөрік әкеліп басыма кигізді. Тура 50 жасқа аяқ артқан едім. «–Бөле, басың аман болсын, дұшпан аяққа, досың басыңа қарайды деген. Досыңыз көп болсын!»-деп інілік ілтипат жасады. Бөлем сыйлаған бөрікті киіп талай жиын-тойдың төрінде отырдым. Бір жолы туған інім Жомарт Ираннан келгенінде қажылыққа киетін әдемі оюлы, етегі тобыққа түсетін ақ көйлек әкеліп берді. Сол үйде әкелген күйі ораулы тұрған «сыйға сый» демекші мен де Данияр бөлеме «намазға жығылғанға ыңғайлы екен. Сен киіп тоздыр» деп сыйға тарттым. Сөйтсем, «айналаңдағыларды, туыс жандарды, ата-анаңды, досыңды қуант деген» құран кәрімде де бар екен ғой. Бұл жолы да кісілігін кішілігіне жеңдіріп бірінші қадам жасаған Даниярдың інілік-адамгершілік қасиеті болса керек.

Жасы кіші, газеттегі еңбек өтілі бізден аздау болған соң ініміз ретінде мақаласының кемшін тұстарын айтып қаламыз. Данияр ондайда ешбір жауап қатпай кеткен кемшілік тұсын дереу түзеп, жөндеуге тырысады. Айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдап қорытынды шығарып, соның арқасында газеттің белді маманына айналды. Дін, ислам төңірегінде кімнің сауалы, сұрағы бар нақты дәлме дәл жауап береді. Ал былайша тыңдайтыны бар, тыңдамайтыны бар дін туралы бет алды айта бермейді. Ол да болса ұлық дінімізді аяқ асты етпей құрмет тұтқаны болса керек. Оның қалыптасқан имандылық, турашылдық, сабырлылық, мейірімділік қасиеттері келісті, келбетті етіп көрсететінін ұғындық. Өз басым Данияр сияқты азаматтарменбір ұжымда қоян-қолтық жұмыс жасап жүргеніме ризамын. Даниярдың көп мақалалары ізденіспен жазылады. Кітапханаға да жиі барады. Бірнеше күн алдын ала алдымен дерек жинайды. Оларды талдап, асықпай ыждағатпен сараптап барып жазуға отырады. Ол да сабырлық қасиеттің бір тармағы болса керек. Отбасын, ата-анасын, жарын, балаларын өте жақсы көретіндігі де өзгелерге үлгі-өнеге боларлық қасиет. Кейде біреулерді көреміз түн жарымына дейін жұмыста отырады. Отбасылары оларды тамақтарын ішпей жолына қарап күтіп отырады. Кей сәттерде отбасы иесін күтпей тамақтарын ішіп жатып қалады. Оның бәрі шаңырақтыңшайқалуына, өтірік, өсек, қызғаныш, ерегіс сияқты жаман қылықтардың өршуіне әкеліпсоғары анық. Ал отбасын қадірлейтін, ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын азаматтар уақтылы, уақытпен үндесіп, қызмет пен жанұяны қатар алып жүре алады. Данияр Құлахметұлын сондай игі азаматтар қатарынан көреміз. Тойға, жиынға, ұжымдағы түрлі шаралар мен бас қосуларда Данияр бәріміздің бірге жүруімізді, бірге тұруымызды қалайды. Анау неге келмей қалды?, анау неге қосылмай жүр? деп елең етіп, ұжымның ынтымағы мен бірлігіне де алаңдайтын Даниярдың алар асулары алда екені ақиқат. Бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне өтіп жатқан қаламгер бауырымызға «жазарың көбейсін, жақсылықтардың жаршысы бола бер бауырым!» дегім келеді.

Мақсат Қарғабай

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...