Қозмолдақ ауылында тұратын Басаров Ерғазы деген оқырманымыз «Созақ үні» газетімен бір күнде дүниеге келіпті. Тек жас айырмашылығы 27 жыл. Талай жылдар «Сызған» қаракөл қой совхозында көлік жүргізуші болып еңбек етіп, отбасын асырап қажырлы жас ғұмырын шаруашылық саласына арнаған жан.
-Мен алғаш рет әскерден оралғаннан кейін аудандық «Молшылық үшін» газетіне оқырман ретінде жазылдым. Ауылда Қуанышбек Жүнісов деген газет-журналдарға жақын, шынайы адал оқырман ағамыз тұратын. Әрі біздің гаражда есепші болатын. Сол кісіні көріп қатты қызығатын едім. Қашан барсаң темекісін будақтатып газет оқып отыратын. Аудандағы бар жаңалықты біліп отыратын. Ағама қызығып газетке алты айға мен де жазылдым. Содан бері аудандық газет менің ең қажетті рухани азығыма айналды. Қазір денсаулығыма байланысты үйде болған соң ауданнан келетін газетті іздеп пошташыны күтіп жүремін,-дейді Ерғазы Сәрсеұлы. Ерғазы ағамыз жұбайы Сағат Исақызы екеуі Мадина, Фарида, Медеу, Медет, Дариға, Шапағат атты алты ұл-қыздарынан немере сүйіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған бақытты отбасы иелері. Ерғазы ағамызбен амандасып, құттықтап шығайық деп шаңырағына бас сұққанымызда келіні Ақмарал атасына арнаған жүрекжарды өлеңін жатқа оқып берді.
Қамқоршым, арқа сүйер сүйенішім,
Сіз демеу болған кезде артар күшім.
Ақылың, бағыт берген жылы сөзің,
Жетелер алыстарға арман ісін.
Пайғамбар жасына кеп жарасымды,
Ақ көңіл, адал пейіл дана сынды.
Асыл анам екеуің бақытты боп, Ұрпағыңа сыйладың бар асылды. Газеттің оқырманы ретінде,
Іліммен өрледіңіз зор өреге,
Он алты немереңіз жаныңызда,
Өзіңіз көрсеттіңіз мол өнеге!
Әкешім заңғар көкте биігімсің,
Көпшілікке өнеге адал ісің.
Өкшелей ізіңе ерген ұрпағыңмен
Әрқашан аман жүрші арда кісім! Газет дегеніміз халықтың көзі, құлағы екені даусыз. Ауданымыздың қай түкпіріне бармайық аудандық басылым беттерін қалт жібермей шолып, өз бетінше саралап, талдап, тарап отыратын ойлы оқырмандарымыз бар екеніне талай куә болып едім. Сондай ойлы оқырмандарымыздың бірі Басаров Ерғазы ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, аудандық басылымның тұрақты оқырманы ретінде байыпты басылымнан қол үзбеңіз дегіміз келеді.
Мақсат Жеңісұлы