Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырған болатын. Осыған орай өткен аптада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков белгілінген кестеге сай Жартытөбе ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы алдымен кездесуді Аққолтық елді мекенінен бастап, ондағы спорт алаңында халықтың талап тілектерін тыңдады. Мұхит Сексенбайұлы еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, аудан көлеміндегі жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Аққолтық елді мекенінің тұрғындары пайдаланылмай жатқан жайылымдық жер мәселесін көтерді. Сондай-ақ, интернет жылдамдығы да сөз болды. Мұнан бөлек, электр жарығының төмендігі де маңызды мәселе екенін жеткізді. Аққолтық елді мекенінде бір көшеге асфальт, бір көшеге тас төселіп, биылғы жылы мәдениет үйінің құрылысы аяқталатынын айтқан аудан басшысы көпшілік ұсыныстардың назарға алынғанына тоқталып, тиісті бөлімдерге тапсырма берді.
Жартытөбе ауылдық округінде жалғасқан халықпен кездесу жиыны мәдениет үйінің ауласында өтті. Тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы баяндаған аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы, жергілікті тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жиында айтылған мәселелердің дені мынадай болды: ауыл ішіндегі қанғыбас ит-мысықтарды аулау, электр жарығыныңтөмендігі, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жер алу. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында аудан басшысы, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жер алуда ешқандай мәселе болмайды деп нақты жауап берді. Сонымен қатар, тұрғындар ауылдық аурухананы жөндеу жайында мәселе көтерген болатын, аудан басшысы алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Мұхит Сексенбайұлы кездесу соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Нұрсұлтан Қанатұлы