Маусымның 3 күні Шолаққорған ауылдық округінің әкімі Әділ Елібаевтың халыққа есеп беру жиыны болып өтті. Есеп беруді ескі форматта өткізуді жөн көрмеген Әділ Камалұлы бұл жолғы есебіне жергілікті қоғамдастық пен Парасат клубының мүшелерін және шаруақожалықтардың төрағаларын ғана шақырды. Себебі, бұлардың қай- қайсысы да Шолаққорған ауыл әкімдігіне қарасты халықтың өкілдер іспетті еді. Жергілікті билік пен бұқара өкілдері бас қосқан бұл есеп беру жиынына аудандық Кәсіпкерлер мен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов пен ЖКХ- бөлімінің басшысы Дулат Байзақов және «Созақ- Сәулет» мекемесінің директоры Берік Әлтековтер келіп қатысты. Жиынды ауыл әкімі Әділ Елібаевтың өзі сөйлеп ашты және бас- аяғы 10 минуттың ішінде Шолаққорғанда ауылдық округі бойынша осы үш айдың ішінде атқарған және алдағы атқарылатын жұмыстарына қысқаша шолу жасады.
Сондай- ақ,ағымдағы жылы шаруашылықтарды қолдау мақсатында берiлетiн жанар-жағармай мәселесіне, үй iргелiк қораларды дәрілеу, жылқы мен түйе малына жарық шағылыстырғыш қарғы бау тағу мәселелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргiздi. Мұнан соң, әкімнің есебіне жиылған қоғамдастық пен Парасат мүшелерінің және шаруа қожалықтар иелерінің тарапынан сауалдар беріліп, түрлі ұсыныстар айтылды. Бірсөзбен айтқанда жиынның қалған бөлігі пікірталас түрінде өтті.
Атап айтар болсам, Шолаққорған ауылында: Жiбек жолы көшесiнiң бойындағы жол жолақтарын қайта сызу, Ш.Оқшиев көшесiне аяқ жол салу, Шолаққорған ауылдық округі бойынша тазалық мәселесі, шөп бағасын тұрақтандыру мәселесі, тозығы жеткен бағдаршамдарды ауыстыру және жаңа бағдаршамдар қою мәселелерi көтерілді. Ауыл әкімі мен бөлім және мекеме басшылары ауыл тұрғындарының көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беріп, ұсыныс- пікірлерін жазып алды.
Сонымен, жиналғандар бірауыздан:
1) Шолаққорған ауылдық округі әкімі Ә.К.Елібаевтың Шолаққорған ауылдық округі Шолаққорған ауылындағы халықпен өткiзген кездесуiнде жасаған баяндамасы назарға алынсын.
2) Айтылған ұсыныс-пікірлерді іске асыру жөнiнде iс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан әкiмдiгiне ұсынылсын – деген қаулы жобасы ұсынылды.
Данияр Бек