Бекітілген кестеге сәйкес Жартытөбе ауылдық округіндегі халықпен кездесу жиынынан соң түс ауа аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қызылкөл елді мекеніндегітұрғындармен кездесті. Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының ауласында өткен кездесуде, аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кездесу барысында елді мекен тұрғындары интернет желісінің нашарлығына тоқталып, оны шешуді ұсынды. Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасына шеберхана салынып берілсе деген талаптарын жеткізді. Аудан басшысы білім ордасының шеберханасын салу үшін сметалық жобалау құжаты облыстық басқармаға ұсынылғандығын айтып, интернет желісі үшін ұялы операторларға хат жолданғанына тоқталды.
Аталған кездесу Құмкент ауылдық округінде жалғасты. Ауыл тұрғындары тарапынан электр бағаналарының нашарлығы, электр қуатының төмендігі айтылды. Сондай-ақ, жайылымдық жер, ауыз су мәселесі мен жарықтандыру мәселесі туралы сауалдарын қойды. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, тиісті бөлім, мекеме басшыларына және ауыл әкіміне тапсырма берді. «Өзіміздің тарапымыздан шешілетін мәселені аяғына дейін жеткіземіз. Басқада ұсыныстарыңызды тиісті жерде көтереміз»,- деді аудан басшысы. Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Нұрсұлтан Қанатұлы