Барыңды бағалай білмесең, барыңнан айрыласың

Менің атам 91 жасында дүниеден озды. Ол кісінің үлкен әпкесі 113 жасында қайтыс болды. Жалпы, әулетімізде 90 нан асып қайтыс болғандардың қатары көп. Сонымен қатар, бұл кісілердің денсаулығы да мықты болды. Мысалға, атам Қожан 91 жасына дейін тұмаудың не екенін білмеді. Елдің бәрі қыста тымауратып жатқанда әзілдеп: «Айналайындар- ау, бұл тұмау деген қандай ауру? Сендерге (немерелеріне) тиген тымау маған тисін, мен тымауыңды жұтып жіберемін!»,- деп отыратын. Айтса- айтқандай- ақ, 91 жасына дейін талмай еңбек етті. Малдың жем- шөбін өзі дайындайтын. Май айы болғаннан есекпен тауға барып сасыр оратын, одан Қарасуан жеріне барып пішен шабатын. Калинин совхозы жүгері орағын біткен соң, барша ауыл тұрғындары секілді атам да есегіне мініп алып, біздерді де ертіп барып масақ теретінбіз. Не керек екі- үш қораны атам жем- шөпке лық толтырып тастайтын. Айтайын дегенім, тек менің атам ғана емес, сол тұстағы баршаңыздың  ата- әжелеріңіз, тіпті өздеріңіз (үлкендер)  сондай болдыңыздар. Міне, «сүйектері асыл еді»,- деп сол кісілерге айтылады. Сондықтан да, соғыс пен ашаршылық, қуғын- сүргін сынды нәубеттердің барлығы да сол кісілердің тағдырына жазылды. Өйткені, мұндай нәубеттерді тек сол буын ұрпақ қана қара нардай көтере алар еді. Ал, бүгінгі буын ұрпақтың бәрінің дерлік иммунитеті төмен, омыртқалары қисық, сүйектері сынғыш және белсіздікке т.б науқастарға шалдығып жатыр. Міне, осындай келеңсіздіктердің ғалымдар бірнеше себебін атауда. Атап айтар болсақ, қазіргі таңдағы кең тараған ауруларға 10 пайыз тұқымқуалаушылық, 10 пайыз экологиялық жағдайлар, 10 пайыз ішіп- жейтін тағамдарымыз әсер ететін көрінеді. Ал, қалған 70 пайызы күнделікті өмір сүру дағдымызға байланысты көрінеді. Мысалға, әлгі омыртқа ауруларына (грыжа, сколиоз, остеохондроз т.б)  себеп, қозғалыссыз өміріміз екен. Олай дейтінім, бүгінгі таңдағы атқарылатын жұмыстардың барлығы дерлік компьютерге, технологияға тәуелді боп қалды. Осы себепті де қоғамдағы азаматтарымыздың көпшілігінің өмірінің ең азы, сегіз сағаты немесе онан да көбі әлгі компьютерлерге, смартфондар мен гаджеттерге байлаулы боп тұр. Әрине, мұнан соң жүгіріп, асыр сап ойнамаған баланың, белсенді қимылдап жұмыс істемеген ересек адамның жан- тәні ауырмағанда қайтсін? Оған, мына қазіргі таңда ішіп- жейтін тағамдарымыздың барлығының дерлік құрамына химиялық заттардың еніп, адам ағзасына қажетті ең маңызды өнімдердің гендік модификация жолымен алынатындығын қосыңыз. Сөзіміз жалаң болмасы үшін, мынадай деректер келтіре кетейін. Елімізге танымал, Марат Сәрсенбаев деген терапевт дәрігер кісі бар. Қазіргі таңда ол кісіні көпшілік жұрт «Халал стандарт» деп аталатын ұжымның басшысы ретінде таниды. Сол, Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда біз тұтынып жүрген ұнның атасы бидайдың сондай бір сорттары бар екен, қамбада жылдап тұрса да әлгі бидай түрлеріне тышқан тимейтін, піте түспейтін көрінеді. Себебі, бұл бидай түрлеріне мысықтың гені енгізіледі екен. Ал, өздеріңіз білетіндей соңғы кездері картоп өнімінің жауы «колорада қоңызы» деген жәндік пайда болды. Мұнымен диқан- шаруалар түрлі жолдар арқылы күресіп бағуда, тіпті бұл картоптың әлгіндей гендік модифиациялық жолмен алынған сорттары да бар көрінеді және оларға да «колорада қоңызы» тимейді екен. Егер бұл аз болса  ең қарапайым мысал келтірейін, біздің бала күнімізде алмаларға құрт түсетін және сол алмалар өте дәмді болатын. Ал  қазіргі алмаларға қарасаңыз, сыртқы пішіні көздің жауын алады, бірақ құрт түспейді, неге? Себебі, бұлардың да құрамында сол химиялық өнімдер бар.  Міне, ағайын! Бүгінгі таңда адамзат қоғамындағы рухани құндылықтарға қандай зауал келсе, тәнімізге кері әсер ететін дүниелер де солай көбейіп кетті. Әйтпесе, «тәні саудың- жаны сау» дегенді басшылыққа алған аталарымыз ұрпағының жеп- ішімі мен өмір дағдысына да мән беретін еді, яғни, бұрынғылар диірменнен шыққан, витаминдік құрамы әбден сақталған ұн, дәрісіз бағылған төрт түлік малдың етін, қымыз- қымыран, айран, түрлі сүт өнімдерін (қаймақ, сүзбе, қолдың майы т.б) қолданатын. Тіпті, кешегі кеңес одағы тұсында да азаматтарының өміріне, үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Мәселен, естеріңізде болса, бала күнімізде мектеп әкімшілігі оқушыларға шашылып жатқан темір, сүйек және қағаз қалдықтарын жинататын. Бала күнімізде түсінбеген дүниемізді кейін, есейгенде білдік сөйтсек, әлгі жиылған сүйектерді еліміздің солтүстігіндегі облыстардың астық қамбаларына апарады екен ғой. Сондағы мақсаттары, әлгі сүйектерді диірменнен өткізіп ұнтақтап, ұнға қосатын көрінеді. Ал, тұзға міндетті түрде иод қышқылын қосатын. Сондай- ақ, одақ көлемінде жетісіне бір рет демалыс күндері «балық күнін» өткізетін. Себебі, балықтың құрамында кальций көп болады екен. Қараңызшы, ұн өнімдерінде, сүт өнімдерінде және балықта кальций жеткілікті болса, әлгіндей, сіз бен біз куәсі болып жүрген сүйек сынуы, буын және омыртқа аурулары қайдан болсын. Ал енді, адамның жұтқыншағынан (өңеші) бастап, тікішегіне дейінгі аралықтағы барлық ішкі ағзалардың жұмысының нашарлауы, түрлі деңгейдегі созылмалы ауруларға алып кеп соғуда. Мысалға: Қант диабеті, онкологиялық аурулар, асқазан- ішек жаралары секілді қаншалаған ауруларға әлгі күнделікті ішіп- жейтін тағамдарымыздың құрамындағы шектен тыс химиялық қоспалар себеп болуда. Тағы да әлгі буын, омыртқа ауруларына (грыжа, сколиоз, остеохондроз т.б) жоғарыда айтқанымдай, аз қозғалыс жасауымыз себеп боп тұр. Мәселен, біздердің жалқау болғанымыз сондай, ең соңы есігіміздің алдындағы қора- қопсымызды да өзбекстандық ағайындарға соқтыратын болып алдық. Тіпті, бау- бақшаларымызды да соларға ектіріп, малымызды да соларға бақтыратын болдық. Әйтпесе, бұрындары әлгіндей үй шаруаларының шамамыз келетінін бала- шаға, бау- шарбағымызбен істеп алатынбыз да шамамыз келмейтінін ағайын- туыс, көрші- қолаң және дос- жаранды жинап, асарлатып бітіріп алатынбыз. Ал, қазір жаздың басында ағайынымыздың там салып жатқанын естіп, күзде қоныс тойына бір- ақ баратын боп жүрміз. Себебі, ала тақиялы ағайындар бас- аяғы екі- үш айдың ішінде сіздің қолыңызға жаңа біткен зәулім сарайдың кілтін ұстата салатын. Ал, біздің там салуға қауқарымыз жоқ, біріміздің беліміз шойырылған, біріміздің ойымыз шойырылған (жалқаумыз). Нәтижесінде, елімізде, ауданымызда қалып, халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс қыруар қаржы шетелге асып кетіп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне жартылуы тиіс қаржы да солай. Мынау, көршілес аудандар Сарағаштың, Сайрам мен Қарабұлақтың дәнді- дақылдарын Ресейге тасып, өзіміз көршілес Қырғыз, Өзбек ағайындар мен қысық көз қытайдың дәріге піскен өнімдеріне тәуелді боп отырмыз.

Әне, ағайын! Бұл айтылғандар бүгінгі таңда сіздер мен біздер жоғалтып алған құндылықтардың бір паршасы ғана. Әйтпесе, мына бүкіл әлемді жайлаған «коронавирус» пен «қаржы дағдарысы» көптеген мәселелердің басын ашып бергендей, яғни, барымызды бағалай алмай, барымыздан айырылуға шақ қалғанымызды көрсетіп берді. Әрине, айта берсең бұл тақырыптың ауқымы кең, дегенмен, бүгінгі әңгіме етіп отырғанымыз, ауылды үлкен дене деп алсақ, сол денеге жан беретін, тіршілік беретін дүниелер бар. Олар әрине, ауыл- және мал- шаруашылығы, сондай- ақ, күшіміз жеткенді өзіміз, жетпегенін асарлап бітіріп алатын құрылыс шаруаларымыз. Естеріңізде болса, бала күнімнен есімде қалыпты. Еліміз егенмендігін алғанға дейін, Идаят, Әкеш (Сметулла) деген қариялар мына Әйгененің маңына, Қарасуанға ауыл- шаруашылығы өнімдерін (бақша дақылдарын) егетін. Сөйтіп, жергілікті биліктің ұйымдастыруымен «күзгі жәрмеңкелер өтетін және ауыл тұрғындары сол жерден дәрісіз, таза табиғи жолмен піскен бақша өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алып, сақтайтын. Сол сақтаған дәнді- дақылдары келесі жылғы жазға дейін жететін. Сырттан мүлдем ештеңе сатып алмайтынбыз. Сондай- ақ, Калинин совхозы деген алып ұжым мал- шаруашылығымен аналысатын ауданымыздың барлық фермаларын, жекеменшікті жем- шөппен қамтамасыз ететін. Қарасуан жоғарғы- төменгі егіс алқаптарына жүгері, бидай және арпа егілетін. Мен сізге айтайын, сол замандарда адам да мал да тіпті ұшқан құстар да қарқ болатын. Совхоздың жем дайындайтын алып қоймасы дәнге толы болатын, біздер бейбітшіліктің символы атап жүрген көк кептердің бәрі сонда болатын.

Сөз соңында айтарым, егер еліміздің, халқымыздың азық- түлік қауіпсіздігін, денінің саулығын ойласақ, сол дәстүрлі негізге қайтуымыз қажет. Яғни, ауыл- және мал шаруашылығына, сондай- ақ, құрылыс саласына өкімет тарапынан қолдау болып, жерлестеріміз де «Ақшаны ақша табады, ақымақ кетпен шабады»,- деген қасаң қағидадан арылуымыз қажет. Керісінше, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей», «Еңбек қылмай ер оңбас, бірлік қылмай ел оңбас», «Мал семіз болса, төл егіз. Жер семіз болса, дән егіз», «Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап»,- деген халық даналығын басшылыққа алғанымыз жөн. Олай дейтінім, тек тұтынушы болған елдердің экономикасы құлдырап, сәйкесінше, өндіруші елдердің қарыштап дамып жатқанын бүкіл әлем көріп- біліп отыр. Демек, бізге де тек тұтынушы ел болмысынан шығып, өндіруші, өндірісі дамыған елге айналған дұрыс. Ол үшін әрине, әуелі, ауыл атқа қонуы қажет. Себебі, дамыған елдердің тарихына үңілсеңіз, урбанизация заңына сәйкес қалаға шоғырланған 70 пайыз халықтың азық- түлігін, сол ауылдағы 30 пайыз ауыл- және мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар қамтамасыз етіп отыр.

Демек бізге де, яғни, аудан және ауыл тұрғындарына ауыл және мал шаруашылығымен, құрылыс саласымен мықтап айналысқан жөн. Әйтпесе, бұл жалқаулық, аста- төк ысырапшылдық, денсаулығымызға деген немқұрайдылық соңымыз болуы әбден ықтимал. Әйтпесе,  аманат етіп берілген денсаулығымыз бен бос уақытымыздың есебі бір болары анық. Ендеше, бұл жан саулығымыз бен денсаулығымызға, бос уақытымызға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын кез жетті, тіпті, біршама өткізіп те алдық. Дегенмен, «еш-тен кеш жақсы» деген елміз ғой, қалған барымызды бағалайық, бағымызға айналдырайық!

Данияр Бек

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...